Русский Сайттың толық нұсқасы

ШҚО-да электр қуатының тапшылығын шешетін жобалар қарастырылуда

  • AstanaTV
  • 18 қараша 2014
  • 1665

Шығыс Қазақстан облысында электр қуатының тапшылығы 2 миллиард киловатт сағатқа дейін жетіп отыр. «Алайда бұл проблеманың шешімі көп күттірмейді», - дейді сала мамандары. «Екібастұз–Семей–Өскемен» және «Семей–Ақтоғай–Талдықорған–Алматы» сынды энергожобалар салынса, қуат жетіспеушілігі күн тәртібінен алынады дейді олар.  Энергетиктердің алдағы жоспарлары мен аймақта салынбақ жел электр станциялары жайында толығырақ алдағы бейнематериалда.

Елбасының  Жолдауында  көтерілген мәселелер энергетик мамандарды айрықша қуантты. Электр қуатының тапшылығы әсіресе Оңтүстік пен Шығыста байқалып тұрғаны белгілі. Кеңес Одағы кезінде салынған су электр станцияларының қуаты жеткіліксіз. Сондықтан энергияны Ресейден импорттауға тура келеді. Екібастұз ГЭС-інде өндірілетін қуатты өзге аймақтарға тасымалдау мүмкін емес. Өйткені станциялардың өткізу мүмкіндігі жоқ. Оларды  жаңғырту керек. Ал жаңа станция салынса, тіпті керемет болатынын энергетиктер сан рет айтқан. Енді мәселенің басы ашылды. «Екібастұз-Семей-Өскемен» және «Семей-Ақтоғай-Талдықорған-Алматы» жоғары вольтты желілері салынып, іске қосылатын болды.

Виктор Недовесов,  «AES» компаниясының Қазақстандағы  техникалық директоры:

Энергетика саласының дамуы аса маңызды. Жаңа жобалардың салынуы құптарлық. Оңтүстікті энергиямен қамтамасыз ету оңтайландырылады. Сондай-ақ, Талдықорған да мұның шарапатын көреді.

Сала ардагері Амангелді Нұрғалиев Қазақстандағы әрбір электр станциясы жайлы бүге-шүгесіне дейін біледі. Бұл тақырып төңірегінде сағаттап әңгімелесуге бар. Айтуынша барлық гидро және электр станциялары бір тізбекке шоғырланатын болса, бұл елдің стратегиялық дамуын қамтамасыз етпек.

Амангелді Нұрғалиев, Энергетика саласының ардагері:

Барлық станциялар бір сақинаға бірігеді. Электр қуатын өндіруді тоқтатуға болмайды, тек қана дамыту керек. Энергетика кез-келген өндірістің бастауы.  Бәрі де электр қуатына келіп тіреледі.

Алғашқы қадам жасалды. Семейден Өскеменге дейінгі аралықта 200-дей жаңа тірек салынып, 20 шақырымнан астам электр жеткізу желілері тартылды. Семей қаласының өзінде жаңа қуатты қосалқы бекет құрылысы басталмақ.

Талғат Алпысбаев, «KEGOC» АҚ  «Шығыс МЭС» филиалының директоры:

Құрылыс жұмыстары 2014 жылдан басталады деп жоспарланған. 2018 жылы үш желі мен қосалқы бекет құрылысы аяқталады деп отырмыз. ШҚО аумағында және Семей мен Ақтоғайда 500-діктер салынады.

Жобаның шарапатынан электр қуатына қол жеткізе алмай отырған ауылдар да тыс қалмайды. Бұл үшін кіші су электр станцияларының құрылысы қолға алынады.

Айтқазы Шерубаев, ШҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының жетекшісі:

Бүгінде Тұрғын ЖЭС құрылысы басталды. Қуаты - 24 мВатт/сағат. Самара тас жолының бойында 2015-2016 жылдары  жел электр станциялары бөй көтереді. Бұл өте жақсы жаңалық. Менің тәжірибемде осынша ауқымды құрылыс жұмыстары болған емес.

Президент Жолдауында көрсетілген энергетикалық жобалар электр қуатын өндірудегі іркілістерді тежеп, көрші елдермен интеграциялық процесстерді тереңдетуге мүмкіндік береді. 

Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА