Русский Сайттың толық нұсқасы

Оқу орындарында алғашқы әскери дайындық сабақтарын өткізудің қажеттігіне Алматы әкімі күмәнмен қарайды

  • AstanaTV
  • 18 қараша 2014
  • 1110

Оқу орындарында алғашқы әскери дайындық сабақтарын өткізудің қажеттігіне Алматы әкімі Ахметжан Есімов күмәнмен қарайды. Ол тіпті Білім министрлігіне арнайы ұсыныспен хат жолдаған. Мұндай ақпарды әкімдіктің баспасөз қызметі таратты. Әкімнің бұл әрекетіне сән және дизайн колледжіндегі қайғылы жағдай себеп болған. Ал жарылыста зардап шеккен жандарға әкімдік тарапынан материалдық көмек көрсетілетін болды. Берік Хасенов тарқатады.

Бұл дүрбелеңмен басталған дүйсенбі күнгі кадрлар. Таңғы ауысымда оқитын 23 бала отырған сыныпта кенеттен граната жарылды. 12 адам жараланып, 16 жастағы қыз бала қайтыс болды. Қазір әкімдік зардап шеккендерге жан-жақты көмектесуге кіріскен. Қаза тапқан қыздың отбасына 1 миллион, ал өзге 12 адамның әрқайсына 500 мың теңгеден берілмек. Балаларды қауіптен қорғау үшін,  әскери дайындық сабақтарын өткізбеу туралы министрлікке хат жолданды.

Ахметжан Есімов, Алматы қаласының әкімі:

Әлемнің барлық жерінде, арнайы оқу ғимараттарында болмаса, граната, автомат, жарылғыш заттарды қолдану арқылы бастауыш әскери дайындық пәні жоқ. Мен осы пәнге байланысты барлық оқ-дәрілерді инвентаризация жасап бітпегенше, бұл пән барысында қару-жарақтарды қолдануға  тиым салдым.

Құзырлы министрлік бұл пәнді мүлде өткізбеу туралы шешім шығармаса да, сабақта қару-жарақты қолдануға тиым салды. Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиевтің айтуынша, енді бұл пән тек теория жүзінде өтетін болады.

Ал колледждегі пән оқытушысы қамалды. Алматы қалалық ішкі істер департаментінің өкілдері 1967 жылы туған азаматтан жауап алынып жатқанын жеткізді. Оқыс оқиғадан соң мұғалімнің үйінде тінту жүргізілген. Жарылған граната жайлы әлі де нақты ақпар жоқ. Құзырлы орган өкілі баллистикалық сараптамадан кейін ғана мәлімет берілетінін жеткізді.

Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД баспасөз хатшысы:

Оқыс оқиғаға байланысты алғашқы әскери дайындық мұғалімі ҚР ҚПК 132-тармағына сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамалды. 72 сағат ішінде сот алдында тергеушімен бұлтарпау шарасын тағайындау жөнінде сұрақ қойылады. Тергеудің аясында жарылғыш заттың қайдан шыққаны мен нақты кімге тиесілі екені анықталатын болады. 

Жарылыстан зардап шеккендер әлі ауруханада жатыр. Соңғы ақпаратқа сәйкес, 5  адам жан сақтау бөлімінде. Дәрігерлер олардың жағдайы ауыр, бірақ қалыпты екенін мәлімдеді. Екі бала отадан кейін жасанды демалу аппаратына қосылды. Қалған жеті студент палатаға шығарылған.

Берік ХАСЕНОВ