Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркиядағы 49 банктің төртеуі ислам шарттары бойынша қызмет көрсетеді

  • AstanaTV
  • 18 қараша 2014
  • 1840

Президент Жолдауындағы маңызды бағыттардың бірі - банк секторын дамыту. Соның бірі - Қазақстанда ислам банкі жүйесін жолға қою. Қазір әлемде 600-ден аса қаржы институты шариғат шарттарымен жұмыс істеуде.

Ислам банктеріне тиесілі қаржы көлемі 1 трлн долларды құрайды. Әрине, бұл сома батыс банктерімен салыстырғанда қалта түбіндегі тиындай-ақ. Алайда, соңғы жылдары экономикалық дағдарысқа төтеп берген қаржы мекемелерінің қатарында дәл осы ислам банктері бар. Нәтижесінде бұл салаға қызыға қараушылар көбейді. Қазақстан солардың қатарында. 44 жыл бұрын Парсы шығанағында пайда болған жүйе 1985 жылы Анадолы жерінде де жұмысын бастады. Стамбулдағы тілшіміз Самат Сүлей исламдық банк жүйесінің Түркиядағы тәжірибесі туралы баяндайды.

Самат Сүлей, тілші:

Бүгінде Түркияда жалпы саны 49 банк болса, оның төртеуі ислам шарттары бойынша қызмет көрсетеді. Осыдан 30 жыл бұрын есік ашқан сол 4 банктың үшеуі Парсы шығанағы елдеріне, біреуі түрік үкіметіне тиесілі. Бұл қаржы мекемелері жұмысына кіріскен сәтте, бар байлығын жастығының астына жасырған азаматтардың ақшасы айналымға түсе бастады. Бірден емес, әрине. Сенімсіздік танытқандар да көп болды. Болашақ салымшылардың ой-санасын өзгертіп, қорқынышын қашыру үшін, үкімет жалпыға ортақ «ислам банкі» атауынан бас тартып, «қатысушы банк» деген атауды таңдаған.

Бұл 2005 жылдар еді. Расында да «қатысушы банк» сөзі халықтың санасында қатып қалған стереотипті бұзып, қызығушылығын оятуға сеп болғандай. «Біздің мақсат - ел-жұртты қанау емес, керісінше, екі немесе үш тарапты тең қатыстыра отырып, ортақ істі бірге бастау», - дейді Қатысушы банктер қауымдастығының бас хатшысы Осман Акюз.

Осман Акюз,  Түркиядағы Қатысушы банктер қауымдастығының бас хатшысы:

Ашылған бойда аяққа тұрып кеттік деуге болмас. Қаншама жыл халықтың сауатын арттырып, көзқарасын өзгертуге тырыстық. Дәстүрлі банктен айырмашылығымызды, қандай бағытта жұмыс істейтінімізді түсіндірдік. Себебі қолында қаржысы барлар банкке ақша салуға немесе жоқтар алып, іс бастауға қорқатын. Өйткені дәстүрлі банктердің пайызы бар әрі жоғары және шарттары қолайсыз еді. Өз мақсатымызды айқындап өзгеріспен қайта бастадық.

Қазіргі күні елдің барлық аймағында аталған төрт банктің 1050-дей бөлімшесі орналасқан. Олардың айналымдағы қаржы көлемі 1 триллион түрік лирасы, яғни доллармен 559 миллиард шамасында. Ал нарықтағы үлесі 6 пайызды құрайды. Сонымен қатар, үкіметтің соңғы үкімін күтіп отырған тағы үш банк бар. Егер арнайы рұқсатын алып, алдағы жылы жұмысын бастаса, бұл елде шариғат заңдарына сай қызмет көрсететін банктың саны жетеу болмақ.

Бурга Кардан, экономист:

Түркия бұл жүйені жүзеге асыруға, алғашында тәжірибенің жоқтығынан болар, көп уақыт жұмасады. Салымшы және банктен несие, қарыз алушы арасындағы алтын көпір бірден орнай қоймады. Сондықтан осы жүйеге қадам басқалы тұрған Қазақстанға да үлкен дайындық керек. Яғни іргетасы мықты қалануы тиіс. Ол дегеніңіз елдің сауатын ашу және осы салаға бейімделген мамандар жағын реттеу.

Ислам заңдылықтарымен жұмыс істейтін банктер ашылған жылы түрік Үкіметі негізінен бизнес бастаушы кәсіпкерлерге қаржылық жағынан қолдау көрсеткен. Елдегі саясат бойынша, құрылыс, текстиль саласын дамытуға баса назар аударған.  Қатысушы банктердің қазіргі негізгі тұтынушылары да бизнес өкілдері. Юнал Кабаджа мырза да 15 жыл бұрын банктен қарыз алып, іс бастаған кәсіпкер. Содан бері қос тарап сенімді серіктеске айналған.

Юнал Кабаджа, кәсіпкер:

Ең алғашқы алған қаржыма жел энергиясы саласындағы зауытты тұрғыздым. Жұмыс жемісін бере бастағасын, құрылыс жағына да көңіл аударып, екеуін қатар жүргіздім. Дәл сол кездегі банктің қаржы беру жүйесі сол қалпында сақталып, содан бері келіссөзіміз еш бұзылған жоқ.

30 жылдық тарихы бар қатысушы төрт банктың бүгінде екі миллионнан аса салымшысы бар. Уақыт өткен сайын сенім білдірушілердің қатары көбеюде. Бұлардың батыстық банктарға ұқсамайтын тұстары мынада. Өсімсіз қарыз береді, сатылымдағы жылжымайтын мүлікті немесе тағы басқа тауарды сатып алуда үшінші тарап ретінде қатысады. Кәсіп бастаймын десеңіз, зерттеп, зерделеп барып қаржы жағынан қолдау көрсетеді. Егер қандай да қиындыққа ұшырап жатсаңыз, сіз ғана емес, қатысушы банкте бірге көремін деген уәдесін береді. Түркиядағы Ислам банктерінің қазіргі міндеттерінің бірі - ипотекамен үй алғысы келетін тұтынушының да сұранысын орындау.

Осман Акюз, Түркиядағы  Қатысушы банктер қауымдастығының бас хатшысы:

Мәселен, бір кісінің қолында жалпы соманың 15-20 пайызын құрайтын ақшасы бар делік, ол ақшасын банк алып, үстіне өз ақшасын қосып үйді сатады. Үйдің бағасы, ай сайын төлейтін қарызы тұтынушымыздың көңілінен шықса, келісімшартқа отырамыз. Егер орта тұсына келіп, төлей алмай қалса, одан да жеңіл жағын қарастырып, өз ұсынысымызды айтамыз. Яғни үйді тартып алып немесе қуып шықпаймыз. Сондықтан қазір үй алушылардың саны артып отыр.

Түркиядағы ислам банктерінің басын қосып отырған қауымдастықтың мамандары жаңадан үш банк қатарға қосылса, банктердің даму бағытын айқындайтын құжаттар қайта қаралмақ дейді. Олардың алдағы мақсаты - әлемдегі 20 үздік қатысушы банктың арасынан топ жару.  

Самат СҮЛЕЙ