Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау-Астрахан тас жолының сапасы көпшілікті алаңдатып келеді

  • AstanaTV
  • 19 қараша 2014
  • 1895

Атырау-Астрахан тас жолының сапасы күні бүгінге дейін көпшілікті алаңдатып келеді. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары салынған республикалық маңызы бар жол бірде-бір рет жөндеу көрмеген. Тұрғындар көлік апаты жиі болатынын, адам өлімінің жыл өткен сайын артып келе жатқанын айтады. Дегенмен, үш жылдан соң бұл жол ел экономикасының күре тамырына айналады деген үміт мол. Өйткені Елбасының «Нұрлы жол» жолдауында көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға айрықша мән берілген. Оның ішінде Атырау-Астрахан тас жолы да бар.  

Загит Ибадуллаев Атырауға айына төрт рет қатынайды. Астрахандағы құрылыс материалдарын тасымалдайтын компанияның өкілі әр сапарында жолдың қауіптілігіне көз жеткізумен келеді. 300 шақырымға жетпейтін жолда 6 сағаттан аса уақыт жүретін ол мұның тым ұзақ екенін айтады.

Загит Ибадуллаев, көлік жүргізуші:

Әрине, жол сын көтермейді. Көктайғақ кезінде жүру тіптен қиындайды. Шұңқырларды жөндеп жатады. Бірақ одан пайда аз. Жол бойында белгілер де жоқ. Кеденнен Атырауға дейін 6 сағат жүреміз. Егер жол жөнделсе, уақыт та екі есеге қысқарар еді.

Атыраудағы кәсіпкерлер палатасының дерегінше, Астраханда 43 қазақстандық компания жұмыс жасайды. Олардың басым бөлігі сауда, қызмет көрсету, өнеркәсіп саласына бағытталған. «Атырауға жиі қатынайтын көрші елдің кәсіпкерлеріне көп жағдайда сапасыз жол кедергі», - дейді палата өкілдері. Жол азабын Түркіменстаннан Мәскеуге қатынайтын құрылыс бригадасы да әбден тарқан.

Нұрлан Дәулетбаев, жүргізуші:

Жағдай жоқ, амал жоқ жүреміз. Түнде тіпті тоқтап, қонамыз. Көлікті соғып аламыз, әйтпесе соқтығысып қалу мүмкіндігі де мол. Ондай кезде техникалық көлік жөндеу орталығы жоқ.

30 жылдан бері жөндеу көрмеген халықаралық маңызы бар тас жол бойында сервистік қызмет те оңбай тұр. 277 шақырым аралықта бар-жоғы 4 техникалық бақылау орталығы мен 6 асхана бар.

Айсәуле Жұбатырова, асхана қызметкері:

Егер халықаралық жол жөндеуден өтсе, біздің де жұмысымыз жақсарар еді.

Астрахан-Атырау жолы әу баста тәулігіне 3 мың көлік жүруге лайықталып салынған. Ал бүгінде көлік саны екі есеге артты. Жауапты мамандар, аталған тас жол толықтай қайта жаңғыртуды талап етеді, дейді.

Аслан Дүйсенов, «Қазавтожол» АҚ Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары:

277 шақырымнан 140 шақырымына дайын жобаларымыз бар, бірақ сметасын өзгерту керек. Өйткені 2007 жылы жасалған екі жоба, бір жобамыз - 2009 жылғы жоба. Бұл бір жылда бітетін жұмыс емес, 3-4 жыл, 2015-2018 жылға дейін деген ойдамыз.

Мемлекет басшысы «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауында көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту қажеттігін айтты. Бірінші кезекте жүзеге асырылуы тиіс автожол жобаларының қатарында Атырау - Астрахан тас жолы бар. Оның қайта салынуы қазақстандық тауарларды Қара теңіз арқылы Орталық Ресей мен Еуропаға жеткізуде маңызды роль атқарады. Қазақстанның Ресейдегі елшісі Марат Тажин Астраханға жасаған сапарында осылай деген болатын.

Марат Тажин, Қазақстанның Ресей Федерациясындағы елшісі /12.11.2014 ж./:

Елбасы Жолдауында экономикалық саясаттың инфрақұрылымдық жобаларға тиімділігіне тоқталды. Атырау-Астрахан жолы жөнделсе, көлік өткізу қарқындылығы өсіп, жүк тасымалы артады. Қазақстанға Ресей арқылы Еуропаға жол ашылады. Бұл алдымен шекаралық аймақтар үшін тиімді.

Әзірге жолдың жобасы жасалып, техникалық-экономикалық негіздемесін дайындау қолға алынды. Сондай-ақ сервистік қызметтер көрсететін орталықтар салудың мүмкіндіктері де қарастырылуда. Республикалық бюджеттен қаржы уақытылы бөлінсе, күре жол 2018 жылы толық пайдалануға берілмек.

Базаркүл ІЗІМОВА