Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанада кәсіпорындар жүргізушілерінің жылдамдық тәртібін бұзған мың жарым фактісі тіркелген

  • AstanaTV
  • 19 қараша 2014
  • 1951

Астанадағы көлік жүргізушілерінің жол ережесін бұзғаны үшін төлейтін айыппұл көлемі жыл басынан бері 1 миллиард теңгеден асқан. Көшелерге орнатылған 72 фото-бейне құрылғылардың назарына ірі ұлттық компаниялардың жүргізушілері жиі ілінетін көрінеді. 13 кәсіпорын мен шағын фирмалардың қызметкерлері арасында жылдамдық тәртібін бұзудың мың жарым фактісі тіркелді. Олар мемлекетке 28 миллион теңге берешек. Бүгін Астана қаласының тәртіп сақшылары мен прокурорлары заңды белінен басқан жүргізушілерді іздеп барды.

Салтанат Дүйсебаева, Астана қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасының инспекторы:

Әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасаған азаматтардан айыппұлдарды өндіру мақсатында рейдтік іс-шаралар өткізуде.

Жыл басынан бері тәртіп бұзушылардың мекен-жайына айыппұлдар туралы 108 мың хабарлама жіберілді. Алайда оны ескеріп жатқан көлік иелері шамалы. Тек «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының жүргізушілеріне 60-тан астам хаттама толтырылды. 700 мың теңгедей айып салынған.

Тимур Өтеубаев, Астана қаласы прокуратура басқармасының прокуроры:

30 тәулік ішінде әкімшілік айыппұлдарды өтеуі тиіс. Төлемеген жағдайда сот орындаушылары арқылы мәжбүрлі түрде өндіріледі. Қажет болған жағдайда заңды тұлғаның жеке мүлкі тәркіленеді. Кәсіпорын әкімшілігі айыптармен келісіп, жақын арада өтейміз деп сөз берді.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ