Русский Сайттың толық нұсқасы

Несие алғандардың 30 пайызы банк алдындағы борышын өтеуден бас тартқан

  • AstanaTV
  • 20 қараша 2014
  • 1059

Қайтуы күмәнді несиелер - банк жүйесі үшін аса қауіпті кесел. Ұлттық банктің дерегінше, осы күнге дейін үлестірілген кредиттің 28 пайызы «өлі капитал» санатында. Елбасы өз Жолдауында банктерді сауықтыру мақсатында ұлттық қордан 250 млрд теңге бөлуді тапсырған. Президенттің пәрменін орындау үшін басты қаржылық реттеуші - Ұлттық банк пен Қаржы министрлігі жұмысты бастап та кетті. Ал қаржы институттарына осы қомақты қаражат қалай үлестіріледі? Сұраққа алматылық тілшіміз Ришат Асқарбекұлы жауап іздеп көрді.

Несие алғандардың 30 пайызы банк алдындағы борышын өтеуден тікелей немесе жанама түрде бас тартқан. Мұндай мәліметті Ұлттық банк бұған дейін бірнеше рет жариялаған болатын. Мамандар қаржы институттарының «қара тізімі»  2007 жылғы экономикалық дағдарыстан соң күрт өсті дегенді айтады. Экономист Мағбат Спанов қайтуы күмәнді несиелердің үлесі бұдан әлдеқайда жоғары деген пікірде. Яғни, оның есебінше, бүгінге дейін үлестірілген ақшаның тең жартысы банктерге қайтпаған.

Мағбат Спанов, экономика ғылымдарының докторы:

Экономикалық қауіпсіздік критерийлері бойынша өтелмейтін несиелердің мөлшері барлық берілген кредиттің 15 пайызынан аспауы тиіс. Өкінішке орай, біздің елде жағдай аса күрделі. Сараптап көрсек, барлық таратылған несиенің 25 пайызы өтелмеген, ал 50 пайызы күдік тудыратын кредиттер санатына жатқызылады.

Екінші деңгейлі банктерді банкроттықтан құтқару үшін, билік үнемі оларды қолтықтан демеумен келеді. «Нұрлы жол» аясында Елбасы банктердің қарқынды жұмыс ырғағын бұзбау үшін тағы 250 млрд теңге бөлуді тапсырды. Президент пәрменімен қаржы институттарын сауықтыруға бағытталған қаржы 2015 жылдың соңына дейін игерілуі тиіс.

Тимур Исатаев, «Альянс Банк» АҚ басқарма төрағасы:

Бұл шешім банктер үшін ұзақ мерзімді қаржыландыру мүмкіндігін тудырады. Экономиканың өсуі үшін ақылға қонымды, арзан несиелер қажет. Бұл дәл уақытында қабылданған шешім. Сондықтан біз де өзімізге тиесілісін алып, ел экономикасы үшін жұмыс істеуге әзірміз.

Ұлттық Банктің тапсырмасына сәйкес, «қайтуы күмәнді несиелер» көрсеткішті келесі жылдың соңына дейін 10 пайызға дейін кемуі керек. Мұндай міндет елдегі барлық банктердің алдына қойылып отыр.

Қуат Қожахметов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:

Әлемнің көптеген дамыған елдерінде қайтпай қалатын несиелердің үлесі 3-4 пайыздан аспайды. Ал бізде бұл көрсеткіш тым жоғары. Сондықтан келесі жылдың соңына дейін оның үлесін кем дегенде 10 пайызға төмендету жоспарланды. Ол үшін мемлекеттік органдар, Ұлттық банк, жеке меншік банктер мен акционерлер жүйелі жұмыс жүргізуі қажет.

Ұлттық қордан бөлінетін қомақты қаражатты игерудің механизмдері бүгінде дайындалып жатыр. Басты қаржы институтының дерегіне сүйенсек, жыл басында  екінші деңгейлі банктерге қайтпаған капиталдың көлемі 4 трлн 900 млрд теңгеден асқан.

Ришат Асқарбекұлы