Русский Сайттың толық нұсқасы

Салық салу мәселелеріне қатысты заң жобасы сенаторлардың сынына ұшырады

  • AstanaTV
  • 20 қараша 2014
  • 1185

Салық салу мәселелеріне қатысты заң жобасы сенаторлардың сынына ұшырады. Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев таныстырған жобада жайылым жерлердің көлемін шектеуге бағытталған нормалар бар. Құжаттың тап осы тұсы депутаттардың көңілінен шықпады.

«Атырау, Маңғыстау, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы шөлейтті жерлер мен тау бөктері маңынан жайылым үшін шаруаға бір жарым мың гектар жер беріледі. Ал жер көлемі одан асса, салықты жалпы режиммен төлейді» деген нормаға сенатор Қуаныш Айтаханов наразылық білдірді. Айтуынша, 1,5 мың гектардан артық жері бар фермерлер салықты 15-20 есе көп төлемек. Депутат: «Елбасы шөлейт жерлерді игеруге тапсырма беріп жатқанда, біз ол аумақтарға шаруалардың баруын шектеп отырғанымыз қалай», - деп сауал тастады. Ол тіпті бір отар қойы және он шақты жылқысы бар шаруаға норматив бойынша, кем дегенде, алты мың га жайылым керектігін есептеп қойған.

Қуаныш Айтаханов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: 

Бізде 11 млн га жер бар, соның 9,5 млн га Мойынқұм, Қызылқұммен бетпақ дала, ол жерге қазір ешкім барып жатқан жоқ. Ал Елбасы тапсырма беріп отыр, сол жайлымдарды игеріңдер дейді, суландырыңдар дейді. 1,5 мың га төлейді екен 21 теңгеден  31 мың тг  салық. Ал ар жағындағы 4,5 мың теңгеге төлейді екен 2,5 млн тг, субсидиямен жабасыз ба оны, 2,5 млн артық субсидия бересіз бе бір адамға. 1,5 мың артық береміз деп отырамыз ба сонда? Бұл қандай саясат?

Дегенмен, заң жобасын сенаторлар жоспардан тыс екінші оқылымда талқылап мақұлдап жіберді. Ауыл шаруашылығы министрі алты айдан соң әзір болатын тағы бір заң жобасында құмды жерлерде мал өсірумен айналысатын шаруалардың иелігіндегі жерді ұлғайтуға мүмкіндік беретін нормалар болады деп, уәде берді. 

Асылжан Мамытбеков, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

Фермерлік қожалықтар - отбасылық негізде құрылған қожалықтар. Олардың жер телімдері өте кішкентай, 105 мың қожалықта тек 28 ғана 1,5 мың га аса алады. Оның өзі өте үлкен деп саналады. Сондықтан да бұл халыққа ешқандай әсерін тигізбейді.

Айгүл ӘДЕПБАЙ