Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбелік Қартовтар отбасы әрбір әулеттің ел дамуына қосар үлесі айрықша екеніне сенімді

  • AstanaTV
  • 21 қараша 2014
  • 1560

Қоғамның негізі - отбасынан. Ал мемлекеттің жарқын болашағы әр отбасының бақытты ғұмыр кешуіне тікелей байланысты. Ел Президенті 11 қарашадағы халыққа арнаған Жолдауында отбасы құндылықтарын да тілге тиек еткен. Әрбір әулеттің ел дамуына қосар үлесі айрықша екеніне ақтөбелік Қартовтар отбасы да сенімді. Бұл әулеттегілер: «Мемлекеттің  болашағы айқын болуы үшін титтей де үлесімізді қоссақ, біз үшін ол теңдессіз бақыт», - дейді.

Қоғамдық тәртіпті  қадағалап, қылмыскерлердің жолын кесуді Мереке Қартов міндетім деп біледі. Әке жолын қуған тәртіп сақшысы - бүгінде Ақтөбедегі Елек полиция бөлімінде тергеуші. Тоқсаныншы жылдары ауылда учаскелік инспектор болып еңбек еткен Мерекенің әкесі Айса Қартов қанішерлер қолынан қаза болған. Әкемнің ерлігі болашақ мамандығымды айқындап берді дейді.

Мереке Қартов:

Мен үшін ең қымбат, ол мына әкем қайтқаннан кейін посмертно медаль берді. Осы куәлік. Қазір әкемнің артынан жолын қуып, полиция қызметкері болып еңбек атқарамын. Әкемнің жақсы атын жерге қаратқым келмейды. Қазіргі уақытта жақсы қызмет атқарып, алдыңғы қатарлы полиция болуға үміттеніп жүрмін.

Жары Әйгерім Қартова да - көші-қон полициясының беделді қызметкері. Полицейлер отбасы қоғамды қылмыстан ада ету мақсатында тынбай еңбек етіп жүр. Ол үшін төзім мен еңбекқорлық қажет екенін жақсы біледі. Алға қойған мақсатқа қол жеткізу жанұяның қолдауынсыз мүмкін емес дейді.

Әйгерім Қартова:

Анамыз өте жақсы адам. Кез келген уақытта көмек береді. Қолдайды. Баламыздың тамағын беріп, бас-көз болады. Қызметімізге орай кейде кеш қайтамыз Сондай кезде  түсіністікпен қарап, қолдау көрсетеді. Бақытты отбасымыз деп айта аламын.

Мереке мен Әйгерім асықтай ұлды тәрбиелеп отыр. 3 жасар  Мерланның болашақта елі мақтан тұтар азамат болуы үшін қажетті білім, дұрыс тәрбие беру міндетіміз деп біледі. Бақытты отбасы - кез-келген алдыңғы қатарлы мемлекеттің діңгегі. «Президенттің «Нұрлы жол» бағдарламасы болашақта ойға алған тың жоспарларымызды жүзеге асыруға айқын бағыт-бағдар көрсетеді», - дейді жас отбасы мүшелері.

Мансұр ЕСҚОЖИН