Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралдағы қабырғасы қираған үйді тұрғызған компания 8 млн айыппұл төлейді

  • AstanaTV
  • 21 қараша 2014
  • 1120

Оралдық құрылыс компаниясы мен жобалаушы мекеме көпқабатты тұрғын үйді дұрыс салмағаны үшін енді 8 млн теңге айыппұл төлейді. Орал қаласындағы 5-ықшамауданда салынған бұл үй 2011 жылы Батыс Қазақстанда болған су тасқынында баспанасынан айрылған азаматтарға берілген еді. Алайда, араға екі жыл салып, жап-жаңа ғимараттың қабырғасында түрлі сызаттар пайда болды. Кейін бір жақ бөлігі қисайып, қабырғалары қақыраған ғимараттан тұрғындардың үрейі ұшса, үйді салған құрылыс компаниясы бұл іске пәтер иелері кооперативін кінәлады.

Мердігерлердің сөзінше, кооператив үйдің жертөлесін қар суынан уақытылы тазартпаған, осыдан кейін іргетасы шөккен көрінеді. Оралда да «Бесоба» оқиғасының қайталануынан қорыққан Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі үйді жөндеу ісіне төтенше жағдайлар қорынан 8 млн теңге бөлгізді. Кейін сот құрылысшылар мен жобалаушылардың үйді салу барысында жергілікті жер бедерін ескермегенін анықтады. Осыған дейін өздерін сүттен ақ, судан таза санаған мердігер мекемелер енді 7,9 млн теңге айыппұл төлейтін болады.

Элеонора Өтеғалиева, БҚО прокуратурасының баспасөз хатшысы:

Сот «Экоинжиринг-2» тарапынан техникалық қадағалау формальды сипатта жүргізілді және құрылыстың іс жүзінде жүргізіп жатқандығын көрсетеді деген қорытындыға келді. Ал «Жайықсельстрой» ЖШС бас мердігері ғимаратты салуда көптеген бұзушылықтарға жол берген. Бұл жағдай үйдің бүлінуіне әкеліп соқтырған. 

Еркін КАРИН