Русский Сайттың толық нұсқасы

СҚО-да жүк көлігі мен екі поездың қатысуымен болған ЖКО-на қатысты қылмыстық іс қозғалды

  • AstanaTV
  • 24 қараша 2014
  • 1081

Солтүстік Қазақстан облысында жүк көлігі мен екі поездың қатысуымен болған ЖКО-на қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап, «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі  хабарлады.

Ғаламторда тараған бейнежазбада 24 жасар жүк көлігінің жүргізушісі бағдаршамның тыйым салған белгісіне қарамастан, темір жол торабынан өтуді көздегені көрсетіледі. Осы кезде жүк поезы алып міністің бүйірінен қағып, 4 вагон аударылды. Қырсық шалғанда, бұл арада қарсы беттен жолаушылар поезы келіп қалады. Машинист темір жол көлігін тоқтатқысы келгенімен, апаттың алдын алуға мүмкін болмады. Астан-кестен болып жатқан поез бен жүк көлігіне келіп соғылған екінші поездың 3 вагоны істен шыққан.

Еске салайық, оқыс оқиға демалыс күндері Петропавлдан 18 шақырым жерде орналасқан темір жол өткелінде болған. Жүк көлігі N2698 жүк пойызымен, кейін «Иркутск - Кисловодск» бағытындағы жолаушылар пойызымен соқтығысқан. Төтенше жағдайдың салдарынан «МАЗ» темір тұлпарын тізгіндеген азамат бірден тіл тартпастан кетті. Ал қалған жолаушылар, абырой болғанда, дін аман. Қазіргі таңда Оңтүстік Орал темір жол басшысының бұйрығымен залал соммасын есептейтін арнайы комиссия құрылды.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ