Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыдағы колледждегі жарылысқа қатысты тағы да бір адам тұтқындалды

  • AstanaTV
  • 24 қараша 2014
  • 931

Алматыдағы колледждегі жарылысқа қатысты тағы да бір адам тұтқындалды. Сән және дизайн колледжінде алғашқы әскери дайындық пәнінен бұған дейін дәріс берген мұғалім Юрий Гавриленко 2 айға қамауға алынды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады. Алматы қалалық сотының баспасөз хатшысы Қуандық Ешіметтің мәліметінше, ұстазды ұстауға Алмалы аудандық соты шешім шығарған.

Белгілі болғандай, Юрий Гавриленкоға қатысты «қару-жарақты, оқ-дәріні, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, сату, сақтау, тасымалдау немесе ұстау» бабымен қылмыстық іс қозғалыпты. Тергеу кезінде 2010 жылы Гавриленко Алматыда РГД-5 әскери гранатасы мен түрлі нысандарды жаруға, бұзуға, жоюға арналған жарылғыш зат сатып алғаны және оларды колледждің алғашқы әскери дайындық пәнінің материалдық құндылықтар бөлмесіне сақтағаны анықталған.
Бұрынғы мұғалім осы деректер бойынша қамауға алыныпты. Бірақ күдіктінің бұл заттарды қайдан сатып алғаны нақтыланғанбаған. Ал жиырмасыншы қараша күні колледждегі жарылысқа қатысты ұсталған Ғабит Қарабалаевқа қатысты қосымша дерек жоқ.

Еске салсақ, өткен дүйсенбіде аталған колледжде әскери дайындық сабағы барысында граната жарылған болатын. Бір студент қаза болып, он екісі жаралаған. Аталған іске қатысы бар деген күдікпен пән мұғалімі екі ай мерзімге қамалған болатын. Ғабит Қарабалаев Алматы сән және дизайн колледжінде 2013 жылдың қыркүйегінен бері жұмыс істеген. 

Берік ХАСЕНОВ