Русский Сайттың толық нұсқасы

СҚО-дағы ірі темір жол апаты орнында полицияның арнайы тобы жұмыс жүргізіп жатыр

  • AstanaTV
  • 24 қараша 2014
  • 1533

Солтүстік Қазақстан облысында болған ірі темір жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаменті хабарлады. Төтенше жағдай орнында полицияның арнайы тобы жұмыс жүргізіп жатыр.  

Динара Сағындықова, Солтүстік Қазақстан облысы ІІД баспасөз қызметінің маманы:

Петропавл-Кондратовка темір жол өткелінде болған апатқа қатысты, жол ережесін бұзу және көлікті пайдалану дерегі бойынша, Қылмыстық кодекстің 296-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары басталып кетті. Қазір арнайы материалдар жинастырылып, куәгерлер сұрастырылып жатыр.

Еске салайық, өткен сенбіде түс ауа Теріскейде «КаМАЗ» көлігі пойызбен соқтығысып, бір адам қаза тапты. Оқыс оқиға қиылыстағы арнайы бақылау бейнекамерасына бастан-аяқ жазылған. «Тоқта» белгісін елемеген жүк көлігінің жүргізушісін жүк поезы қаққан. Сол мезетте қарсы бағыттан жолаушылар поезы келіп екінші мәрте «КаМАЗға» соғады. Оқиға салдарынан жүк көлігінің сау-тамтығы қалмады. Оған қоса жүк поезының 4 вагоны жолдан тайып, аударылды. Ал жолаушылар поезындағылар дін аман. Алдындағы локомотив қана істен шығыпты. «КаМАЗ» көлігін тізгіндеген 24 жастағы жүргізуші алған ауыр жарақаттан қаза болды. Оқыс оқиға болған жерге лезде жеткен төтенше жағдай департаменті мен Оңтүстік Орал темір жолының мамандары астан-кестен болған вагондарды арнайы техникаға тиеп, аз уақытта алып кетті. Ал жолаушылар поезы басқа локомотивке тіркелді.

Жол қатынасы 4 сағаттан кейін қайта қалпына келтірілді. Айта кету керек, Иркутскіден Кисловодскіге қарай бет алған жолаушылар поезының ішінде 500-ге жуық адам болған. Басым бөлігі - Ресей азаматтары.

Абзал ҚҰРМАНКИН