Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде жұмбақ жағдайда жоғалған әскери қызметкер араға 6 ай салып табылды

  • AstanaTV
  • 24 қараша 2014
  • 1693

Ақтөбеде жұмбақ жағдайда жоғалған адам араға 6 ай салып табылды. Қорғаныс істері жөніндегі қалалық басқарманың кезекші сержанты Арман Сұрағанов 15 мамырда жұмыс орнынан із-түссіз жоғалған болатын. Жарты жылдан кейін оны Хромтау ауданы аумағында қойшы тауып алған. Әскери комиссариат қызметкерінің соңғы жарты жылдағы тағдыры қалай болғаны, қайда тап болғаны тергеушілерді де қызықтырып отыр. Ақтөбедегі тілшіміз Мансұр Есхожин баяндайды. 

Арманды қайта көреміз деген үміті үзілген жақындары туыстарынан сүйінші сұрап, жақсы хабармен бөлісуде. Осыдан алты ай бұрын жұмыс орнынан жоғалған сержант кеше түнгі сағат 2-де отбасымен қауышты.

Қалима Сұрағанова,  А. Сұрағановтың анасы:

Соған қуанып, қол аяғым дірілдеп не айтарымды білмей отыр. Сол тек аман келгеніне қуанып.

«Арман танымастай өзгерген», - дейді оны көрген туғандары. Дегенмен олар денсаулығынан қауіптенеді. Айтуларынша, жоғалған мезеттен ас-суға тарығып, күтім көрмеген, тіпті біреулер оны күштеп ұстағандай. «Осы уақыт аралығында күніне бір мезгіл ғана жүрек жалғауға мүмкіндік берген», - дейді туыстары.

Еркін Таласбаев,  А. Сұрағановтың ағасы:

Негізі бала шашы мықтап өсіп кеткен. Мықты жүдеу. Тырнақтары вообще алынбаған. Үлкен тіпті. Шашы да мына иығынан келеді. Бет-аузы көгеріп, жарақаттары бар. Біздің естуімізше, оны далаға тастап кеткен байлап. Үстінде киімі де жоқ.

Арманның ата-анасының сөзіне қарағанда оны хромтаулық малшы қол-аяғы байлаулы, іш киімнен басқа киімсіз күйде тауып алған. Полицейлер оны бірден сұрақтың астына алып, оқиғаны егжей-тегжей тексеруге кірісті.

Ардагер Уайдин, Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметі жетекшісі:

Қазіргі таңда қылмыстық іс бойынша тергеу амалдарының жүргізілуіне байланысты, аталған факт бойынша ешқандай мағлұмат берілмейді.

Арманның өзімен тілдесуге мүмкіндік болмады. Белгілісі - ол дәрігердің көмегінен бас тартқан. Полицейлер де табылғандығын айтып қана тоқталды. Оқиғаның мән-жайы тергеу барысында анықталуы тиіс. Құқық қорғаушылар адам ұрлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Еске салсақ, 33 жастағы сержант 15 мамыр күні жұмыс орныннан жоғалған болатын. Ресми ақпаратқа сәйкес, кезекшілікті рұқсатсыз тастап кеткен. Арман Сұрағановтың жақындары ізім-ғайым жоғалуына жұмыс орнындағы кикілжіңдер сеп болуы мүмкін деген болатын. Әскери бөлім басшылығы мұндай айыптаулармен келіспеді. 

Мансұр ЕСҚОЖИН