Русский Сайттың толық нұсқасы

Көлік жүргізушілерге қызметті дер кезінде көрсетпеген оралдық жол сақшыларына қатысты тексеріс жүргізілуде

  • AstanaTV
  • 24 қараша 2014
  • 1465

Көлік жүргізушілердің обалына қалған оралдық жол сақшылары енді қызметінен қуылмақ. Олар көлік апаты болған жердегі қозғалысты реттемегені үшін айыпталып отыр. Айта кетелік, 3 қазанда Орал көшелерінде түйіскен көліктерді айналып өтпек болған жүргізушілер жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. Бұл жерге орнатылған арнайы камера жолдың қарсы бетіне шыққандарды өрескел ереже бұзды деп тіркеп, 30 шақты адамды жүргізушілік куәлігінен айырған. Бұған наразы көлік жүргізушілер прокуратурадан көмек сұраған болатын. Куәгерлер, полицейлер апат болған жерге төрт сағаттан кейін ғана келгенін, айтады. Осы оқиғаға орай басталған қызметтік тексеру жұмыстары апта соңына дейін аяқталуы тиіс. Мамандар жол сақшылары арасынан кінәлілер анықталса, қызметімен қош айтысатынын ескертті.

Динара Абдулхалықова, Батыс Қазақстан облысы ІІД ӘПБ инспекторы:

Апат орын алған кезде полиция қызметкерлері сол жерге жедел жетіп, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек еді. Егер олардың кінәсі анықталса, барлығы да қызметінен қуылады. Бұл іске ішкі істер департаментінің тәртіптік комиссиясы нүкте қояды.

Айта кетейік, полиция дерегінше, Оралда бейнекамералар орнатылғалы бері, яғни жыл басынан жолдың қарсы бетіне шыққаны үшін, 364 адам жүргізушілік куәлігінен айрылыпты.

Еркін КАРИН