Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстан және Ресей үкіметтері «Протон» ұшырылымдарын біртіндеп азайту туралы келісті

  • AstanaTV
  • 24 қараша 2014
  • 1370

Ресей Үкіметі Байқоңырға төгілген гептил үшін өтемақы төлеуге әзір. 2013 жылы 2 шілдеде Байқоңыр кешеніне «Протон-М» зымыран-тасығышының құлауынан қоршаған ортаға келген зардаптар үшін ресейлік тарап Қазақстан үкіметінің 2007 жылғы бекітілген ережелері негізінде өтемақы төлемек. Дегенмен, өтемақы сомасы нақты емес. Жыл бұрын Қазақстан апаттан табиғатқа келген шығынды 13 млрд теңгеге бағалаған. Бүгін Байқонырда биылдыққа екінші рет өткізілген үкіметаралық комиссия жиынындағы басты нәтижелердің бірі осы өтемақы туралы келісім болды.

Үкіметаралық комиссияларды Қазақстан және Ресей вице-премьерлері Бақытжан Сағынтаев пен Дмитрий Рогозин басқарып келді. Қазақстандық комиссия жетекшісінің айтуынша, бүгін Ресей тарапы «Протон» апатынан кейін қоршаған ортаға келген шығын үшін өтемақыны қазақстандық экологтардың есебі бойынша төлеуге сөз берген. Сондай-ақ, бүгін екі тарап «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «Протон» зымыран-тасығышының ұшырылымдарын азайту жөнінде келісімге қол қойды.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Желтоқсан айынын соңына дейін осы экологияға байланысты, осы Байқоңырдың территориясында біздің Қазақстанның Экологиялық кодексінің жұмыс жасауына мүмкіндік беретін шешімге, келісімге келдік. Ол да желтоқсан айының соңына дейін қол қойылатын болады. Және басқа да осы төңіректегі Төретам, Ақай және Байқоңыр қаласының әлеуметтік кешенінің дамытуға байланысты қабылданатын шешімдерге келісімдер жасалды.

Тағы бір ерекше атап өтер жаңалық - ол Байқоңырдағы қазақ тілде оқытылып жатқан мектептерді қазақстандық оқу стандарттарына көшіру мәселесі оң шешім тапты. Осы уақытқа дейін Байқоңырдағы қазақстандық оқушылар Ресей білім бағдарламасымен оқып келеді. Яғни қазақ тіліне аударылған ресейлік оқулықтармен білім алуға мәжбүр болды. Ал мектеп түлектеріне ресейлік үлгідегі аттестаттар табысталады. 2015 жылдың қыркүйегінен бастап Байқонырдағы алты мектеп қазақстандық оқу стандарттарына көшеді. Нақтыланған құжатқа екі елдің президенттері желтоқсанда өтетін кездесулерінде қол қояды деп күтулуде.

Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Жетінші желтоқсанға дейін Байқоңыр қаласында жергілікті әкімшілікпен және  облыстық әкімшілікпен бірлесе отырып, Ресей Федерациясының тарапынан қажетті мемлекеттік органдарының басшылары, бізден министрліктер басшылары осында келіп, жобаларын жасап бітеді де, содан соң біз 10 желтоқсанда Москва қаласында кездесетін боламыз. Сол жерде шешімдерімізді нақтылап, бекітіп, келесі 23 желтоқсанда болатын екі ел басшыларының кездесуінде осы шешімдерімізді бекітуге алып кіруіміз керек. Бұл да үлкен жетістік.

Екі жақ осы қаладағы қазақстандықтар үшін тағы бір маңызды әлеуметтік сала - медициналық қызмет көрсету мәселесінде де бәтуаласты. Қазақстанның республикалық бюджетінің қаражатына 2010 жылы салынған перзентхана көп салалы аурухана болып өзгертіледі. Айта кетейік, Байқоңырдағы 70 мыңға жуық тұрғындардың 65 пайызы – қазақстандықтар. 

Шарипа САҚТАПОВА