Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту қолға алынбақ

  • AstanaTV
  • 24 қараша 2014
  • 1456

Шымкентте жылу бағасы қымбаттамайды. Аймақ басшылығы жылуға жауапты мекемемен осындай мәміле жасап жатыр. Есесіне «3-ші энергоорталыққа» тиесілі тозығы жеткен жылу жүйелері мемлекет қаржысы есебінен  жаңартылмақ. Айта кетейік, бұл мәселе Елбасы жолдауында айтылған жылу жүйелерін модернизациялау бағытында қаралып жатқан жайт. Оңтүстіктегі өзге де жаңғыртылып жатқан салалар жайында Айзада Төребекқызы тарқатады.

Бұл тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы аясында Шымкентте пилотты жоба ретінде таңдалған алты үйдің бірі. Қасбеті әрленген үйлер бірден көз тартады. Олардың шатыры жөнделіп, жылу жүйелері жаңаланды. Жедел сатылары алмастырылды. Алты үйді жаңғыртуға 343 млн теңге қаржы жұмсалған. Бүгінде қаржыны қайтару жұмыстары жүріп жатыр. Тұрғындар жөнделген баспаларының артықшылығымен қоса кемшілігі де барын жасырмайды.

Николай Иванов:

Қыстың күні үйіміз жылы болып қалды. Жазда аса ыстық болмайды. Үлкен жолдың бойында тұрамыз. Бұрынғыдай көлік шуылы да онша мазаны алмайды. Сыртқы көрінісі әдемі болып қалды.  Бірақ жедел сатының тұрып қалғаны қынжылтады. Әу-баста қуат көзі дұрыс қаралмапты. Осыны неге ескермеген екен.

Шаһарда биылғы жылы тағы 210 млн теңгеге 34 көпқабатты үй жөнделді. Тұрғындардың өтінішімен көпшілігінің шатыры алмастырылып, кейбірінің сырты әрленіп жатыр. Алдағы жылға 90 үй жоспарда тұр. Жауаптылар жаңғыртуға қатысты халықтың оң көзқарасы қалыптаса бастағанын айтады.

Қанат Икенов, «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС директорының орынбасары:

Жаңғырту бағдарламасының басты артықшылықтары - бұл бүгінгі таңда ескірген үйлерді бұдан ары тағы да отыз-жиырма жылға шыдауы, тұруы. Сонымен қоса,  Елбасы айтып өткендей, энергоүнемдеу көрсеткішін арттыру болып табылады.

Модернизациялау жұмыстары Шардара су электр стансасында да жүріп жатыр. 2009-2015 жылдарға жоспарланған жөндеу жұмыстары аяқталса, Шардарада бүгінгі өндіріліп жатқан 100 мВТ-тың орнына 116 мВт электр қуаты өндіріледі. Табиғи газбен қамту, ауыз су және жылу жүйелерін жаңалау жұмыстары да қарқын алған. Жалпы аймақта 590 шақырым құбыр болса, соның елу пайызы жаңартуды қажет етеді. Шымкенттегі 411 шақырым магистральді және ішкі орамдағы құбырлардың 61 пайызының тозығы жетіпті. Тығырықтан шығу үшін, жауапты басқарма басшылары жылу берушілер алдына екі нұсқа қойылғанын айтады.

Батырша Маханов, ОҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары:

Қомақты қаржы қарау үшін бұл «Энергоорталық-3» теңгеріміндегі, яғни 232 шақырым жылу жүйелері қаланың меншігіне өтуі тиіс. Біз сонда ғана осы жүйеге қаржы жұмсай аламыз, мемлекет тарапынан. Осы мәселе қойылды. Қазір инвесторлар өз кеңесін жасап жатыр. Біз осы дүниені, жүйені қала меншігіне алып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, кейін сенімді басқаруға мүмкіндігін айттық. Екінші - тарифті қымбаттатпау.

Айтпақшы, Кентау қаласында 17 шақырым жылу жүйесін жаңалауға 1,5 млрд теңге бөлініп, тиісті жұмыстары еңсеріліп қалған. Алдағы жылы бұл мәселе шешіледі дейді сала жауаптылары. Айта кетейік, Елбасының жуырдағы  Жолдауында жаңғырту жайына тағы да басымдық берілген болатын. Осыған сәйкес алдағы жылға аймақ 349 нысанға табиғи газ, ауыз су тартып, жаңалау үшін, 70 миллиардтан астам қаржыға өтінім жасапты.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ