Русский Сайттың толық нұсқасы

ШОБ қолдаудың арқасында қостанайлық кәсіпорындардың ісі ілгері басып, өнімділігі еселене түспек

  • AstanaTV
  • 25 қараша 2014
  • 1361

Елбасы 11 қарашадағы Жолдауында шағын және орта бизнесті дамыту үшін Ұлттық қордан тағы 100 миллиард теңге бөлінетіндігін атап өтті. Астана жақтан жағымды жаңалықты естіген Қостанайдағы кәсіпкерлердің қуанышында шек жоқ. Айрықша қолдаудың арқасында аймақтағы кәсіпорындардың ісі ілгері басып, өнімділігі еселене түсетініне сенеді. Ал шағын кәсіпппен айналысатындар төмен пайызды несиеге қол жеткізіп, мол табысқа кенелеміз деген сенімде.

Тобыл өңірінде төрт жыл бұрын құрылған  «Аруана-2010» серіктестігінің өнімі  қазіргі таңда тек Қазақстан  емес, төрткүл  дүниеге танылып үлгерді. Тәулігіне 300 тонна сапалы ұн шығаратын кәсіпорында қазір жүзге жуық адам жұмыс істейді. Орта бизнеске көрсетіліп отырған айрықша қолдаудың арқасында серіктестік  аз уақытта серпін алып, өнімділігін арттыра түскен. Бұл мақсатқа 780 миллион теңге көлемінде несие алыпты. Енді Ұлттық қордан бөлінетін  қомақты қаражатқа қосымша қойма мен элеватор салуды жоспарлап отырмыз,- дейді  кәсіпорын басшылығы.

Сайлаубек Әлішев, «Аруана-2010» ЖШС басшысы:

Бидай қоймасын жаңартуды жоспарлап отырмыз. Оны «Түрік Авиал» деген  компания шығырады. Сыйымдылығы  үш мың тонна. Оған қоса бидай сушилкасы деген бар. Соны үлкейтіп, басқа елден әкеп осында орнатып, құрып қоямыз деп отырмыз.

Қостанайлық жас кәсіпкер Максим Мункачи де кәсібінің нәсібін көріп келеді. Қазір оның қарамағында 15 адам жұмыс істейді. Жиһаз жасаумен айналысатын  шағын цехтың  өніміне сұраныс көп. «Төмен пайызбен алған несиелердің арқасында ісім ілгері басты, тіпті жаңадан ғимарат салып үлгердім», - дейді кәсіпкер.

Максим Мункачи,  кәсіпкер:

Несие алып, өзімізге  ғимарат  салдық. Қазір біздің фирмамыз көш ілгері. Өнімнің сапасы жақсарып,  өнімділік  артты. Енді тағы цехты кеңейтіп, жасап жатқан жиһаздардың сапасын арттыруды көздеп отырмыз.

Тобыл өңірінде 45 мыңға жуық шағын және орта бизнес өкілдері бар. Бұл секторда облыс бойынша 140 мың адам жұмыспен қамтылған. Облыстық кәсіпкерлер палатасының өкілдернің айтуынша, мемлекеттік бағдарлама мен жеңілдетілген несие беру жүйесі шағын және орта кәсіпке зор ықпалын тигізіп отыр.

Мұрат Әбенов,  Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасының басшысы:

Өткен жылы өңірдегі шағын және орта бизнесті дамыту үшін бөлінген 100 миллиард теңге, тағы да қаражаттың қажет екендігін көрсетті. Мәселен, Қостанай облысы бойынша құны үш жарым милирадты құрайтын 25-ке жуық  жоба сәтті жүзеге асты. Яғни қомақты қаражат аймақта азық-түлік өнімін, сүт өнімін өңдеуге және сусындар шығаруға бағытталды.

«Бизнестің жол картасы» және «Агробизнес -2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша соңғы үш жылда Қостанай облысында екі жүзден астам жоба жүзеге асқан. Сондай-ақ ауылдық жерлердегі сегіз жүзге жуық шағын кәсіпкер микронесие бағдарламасы бойынша 289 миллион теңге бөлінген. Жеңілдетілген несие алғысы келетіндердің саны жыл сайны артып келеді. «Ал Елбасы жолдауында айтылған қосымша 100 миллирад теңге талай кәсіпкерлер мен кәсіпорындарға  серпін берері сөзсіз», - дейді кәсіпкерлер палатасының өкілдері.  

Заңғар САНАЙ