Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкентте Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары қайырымдылық шарасын ұйымдастырды

  • AstanaTV
  • 25 қараша 2014
  • 1791

Шымкентте  мектеп оқушылары бір күнде 750 мың теңге табыс тапты. Мұнша қаржы «Жақсылық жаса» айдарымен ұйымдастырылған  қайырымдылық шарасында жиналды. Физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің шәкірттері өз қолдарынан жасаған бұйымдарын көрмеге қойып, аукцион арқылы сатты. Қолөнер бұйымдарының қай-қайсысы да көз тартады. Саз балшықтан жасалған 1 мың 500 теңгелік құмыра аукционда 4 мың теңгеге сатылды. Бәссаудада жас қыл қалам шеберлерінің қолынан шыққан туындылардың алды 15 мың теңгеге дейін бағаланды. Оқушы қолымен қашалған қобыз 20 мың теңгеге шықты.

Бұл акцияға, кәсіпкерлерден бөлек, мектеп оқушыларының ата-аналары белсене қатысып, жасалған дүниелерді сатып алып жатты. Айта кетейік, Назарбаев Зияткерлік мектебінде шәкірттерді қолөнерге баулитын бірнеше үйірме жұмыс істейді. Онда балалар құмыра жасаудың құпиясы мен тігін тігіп, ісмерлік іске үйренеді. Қайырымдылық шара аясында ұйымдастырылған жәрмеңкеге шығарылған бұйымдардың дені осы үйірмелерде жасалған. Екі сағатқа созылған қайырымдылық акциясынан 750 мың теңгеге жуық қаражат түсті. Бұл қаржы асыраушысынан айрылып, үй-күйсіз қалған отбасыға және ауыр дертке душар болған жеті жастағы жеткіншекке көмек ретінде беріледі деді мектеп директоры.

Қаракөз Әбдірахманова, Шымкент қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры:

Негізгі мақсатымыз - біздің балалардың бойында адамгершілік қасиеттерді тәрбиелеу, адамгершілік қасиеттерді одан әрі дамыту. Біздің негізгі тәрбиелік мақсатымыз - осылардың бойында үлкенге құрмет, кішіге ізет, жақсылық жасау, басқа адамдарға әлеуметтік көмек көрсету бағытында көптеген тәрбие беру мақсатымен осындай акциялар бізде жүйелі түрде өтеді. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ