Русский Сайттың толық нұсқасы

Ерлан Арын ісі бойынша сот ертең үкім шығаруы мүмкін

  • AstanaTV
  • 25 қараша 2014
  • 1860

Ерлан Арын ісі бойынша сот күні ертең үкім шығаруы мүмкін. Павлодардағы облыстық сот судьясы бүгін осыны хабарлады. Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта өткен үкім қарсаңындағы отырыста тараптар сөз жарыстырды. Мемлекеттік айыптаушы экс-әкімді 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесуді сұрады. Ал бұрынғы басшының адвокаттары болса, бар кінәні Арын басқарған әкімдік аппараты жетекшісінің бұрынғы орынбасары Бағұстар Сапаровқа жауып отыр. Экс-шенеунік төңірегіндегі ахуал жайлы әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы толығырақ.

Бүгінгі сот процесіне келушілердің қарасы қалың. Бұқаралық ақпарат құралдарымен қоса, сот отырысын экс-әкімнің жақтаушылары қалт жібермей келеді. Айта кету керек, бұған дейінгі жарыссөз мемлекеттік айыптаушының іссапарға кетуіне байланысты екі мәрте шегерілген болатын. Сот залында алғашқы сөзді алған прокурор, Ерлан Арынға тағылған айыптарды тізбектей келе, өз шешімін жариялады. Экс-шенеунікке лауазымын пайдалана отырып, ірі көлемде пара алу, алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырумен айналысқан деген айыптар тағылып отыр.

Радимхан Дубаева, мемлекеттік айыптаушы:

Жеке мүлкін тәркілеп, 7 жылға мемлекеттік қызметтен шеттетіп, қатаң тәртіпті колонияға 5 жылға қамауды сұрап отырмын. Сотталушының кінәсі түрлі айғақтармен дәлелденді. Барлық дәйектер зерттеліп, сот барысында тексерілді. Сондықтан бұл әділ әрі объективті шешім.

Алайда, мемлекеттік айыптаушының айтқанымен экс-әкімнің адвокаттары келіспейді. Олардың сөзінше, жалпы Ерлан Арынға қатысты қылмыстық іс атүсті қаралып жатыр. Тіпті, кейбір процессуалдық шараларды атқаруда кемшіліктер кеткен. Мәселен, қорғаушылардың пікірінше, әуелде күдікті болған Бағұстар Сапаровтың сотқа куәгер ретінде тартылуы түсініксіз.

Айжан Сабирина, Е.Арынның адвокаты:

Нақты тұлға бар. Алайда, қылмыстық органдармен бұл дәйек ескерілмей отыр. Барлық құйтырқы әрекеттерді жасаған адам - Сапаров. Бірақ оның құбылмалы түсініктемесі басты куә ретінде алынуда. Меніңше, бұл негізсіз, заңсыз әрекет. Десе де, әділдіктің орнайтынына сенемін.

Бағұстар Сапаров бұрынғы әкіммен университеттен таныс. Ерлан Арын облыс әкімі болып тағайындалғанда, әуеліде көмекшісі, сосын аппарат басшысының орынбасары болып қызмет еткен.

Арман Соғымбаев, Б.Сапаровтың адвокаты:

Адвокаттар өз сөзінде барлық кінәні менің қорғауымдағыға жауып жатыр. Бірақ Сапаров өз айыбын мойындап, тергеумен жұмыс істеуге келісті. Нәтижесінде шындықтың беті ашылуда. Қорқытудың болғаны рас. Сондықтан қауіпсіздік шаралары күшейтілді. «Түсініктемеңді өзгертуің керек» деген бағытта әңгімеге тартқан жағдай да болды.

Қорғаушылар экс-әкімнің ауыр қылмыстарды жасамағанын айта келе, соттан тағылған барлық кінәні алып тастауды талап етті. Жеке мүлкіне салынған тыйыммен қоса, Ерлан Арынды сот залынан босатуды сұрап отыр. Ал жарыссөзде сөз алған айыпталушы Ерлан Арын, ел Президентінің өзіне артқан сенімін ақтай алмағанын айтып, кешірім өтінді.

Ерлан Арын:

Находясь здесь под обвинением, я подвел Президента. И, пользуясь случаем, я хотел попросить прощение за это у Главы государства - у Елбасы Нурсултана Назарбаева. Для меня находиться вот здесь, на суде, нелегко. Это по-человечески тяжело. Более того, для меня то, что здесь сидит моя мама, самый большой позор!

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Дей тұрғанымен, экс-шенеунік тағылған барлық айыптар бойынша кінәсін мойындаған жоқ. Павлодар өңірінің бұрынғы басшысы төңірегіндегі шулы істің соңғы нүктесі ертең қойылмақ.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ