Русский Сайттың толық нұсқасы

«Нұр Отан» партиясының Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесі 2014 жылғы жұмысын қорытындылады

  • AstanaTV
  • 25 қараша 2014
  • 1663

«Нұр Отан» партиясының Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесі 2014 жылғы жұмысын қорытындылап, кеңес берген ұсынымдардың орындалу барысын тұжырымдады. Қоғамдық кеңес отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарлама, тұрғын үй-коммуналдық саласындағы жемқорлыққа қарсы күрес ахуалы, денсаулық сақтау жүйесі, кәсіпкерлікті қолдау, БАҚ және жастар құрылымдарымен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзара ынтымақтастықты нығайту бойынша іс-шаралары қолға алынды. Ағымдағы жылы Кеңес тоғыз отырыс өткізіп, 20 шақты мәселені қарастырған.

Айта кетерлігі, өткен жылы барлығы 62 ұсыныс берілген. Бұл биылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2,5 есе аз. Үстіміздегі жылы мемлекеттік органдарға 169 ұсыным берілген. Партиядан ұсыныс алғандар қатарында мемлекеттік қызмет істері және жемқорлықпен күрес агенттігі де бар. Партия кеңесінің мүшелерін шенеуніктердің командалық көшіп-қонуына тосқауыл қашан қойылады деген сұрақ алаңдатты.

Қайырбек Сүлейменов, «Нұр Отан» партиясы Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес төрағасы, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі:

Сіздер тестілеуден бас тартасыздар ма, әлде басқа жүйе ұсынасыздар ма? Өйткені мемлекеттік қызметке өткісі келген адамға сынақ тапсыру керек. Ал ол жерде барлығы белгілі, егер 5 адамды қабылдайтыны белгілі болса, сол 5 адам өтіп, қалған 45 адам сынақты формальды түрде тапсырады. Және сіздің басшыңыз, яғни агенттік төрағасы командалық көшке де тосқауыл қоятынын айтқан еді. Кей әкімдіктер, әкім ауысқанда, 70 пайызға жаңарады. Осымен қалай күресесіздер?

Әли Қайырбеков, ҚР Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің департамент жетекшісі:

Қазір әкімдер мен министрлердің жауапкершілігі артып, қосымша пәрменділік беріліп жатыр. Біз де жергілікті жердегі әкімдерге кадр мәселесі бойынша шешімді өздері қабылдағандай пәрменділік береміз деген ұсыныс дайындап отырмыз.

Қоғамдық кеңес мүшесі Төлеген Ибраев жер қатынастары жөніндегі комитет жұмысына қатысты сын айтты.

Төлеген Ибраев, «Нұр Отан» партиясы Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес мүшесі:

Жер қатынастарындағы жемқорлыққа қатысты заңбұзушылықтарды ескере отырып комитетке заңбұзушылықтардың не себепті жүйелі сипат алғанын анықтауды және заңға өзгерістер енгізуді тапсырдық. Құрметті әріптестер, мен олардың берген жауабын оқып берейін. «Заң жобасында «пайдаланылмайтын жер телімдері» түсінігі нақты жазылған. Жер телімін тартып алу тәртібі реттелді. Және жерді сыйға тарту, қайта рәсімдеу және сатуға тыйым салу тәртіптері бірыңғайландырылды». Егер осы жаңашылдықтарға назар салсақ, олардың жемқорлық заңбұзушылықтарға әкелетін себептерді жоққа шығармайтынын көреміз. Ал көптеген заңбұзушылықтар жер телімдерін беру кезінде орын алады.

Партия тапсырмаларынан нәтиже шығарғандар да жоқ емес. Мәселен, жыл басында сын есітіген Ақмола облысы әкімдігі жұмысын жақсартып, тұралап қалған ет комбинатын аяққа тұрғызған. Айта кетерлігі, сараптама жемқорлықтың азайғанын көрсетті. Мәселен, үстіміздегі жылы 1916 жемқорлық фактісі тіркелген. Ал 2013 жылы бұл сан 2240-қа жетті. Яғни көрсеткіш 14,5 пайызға азайды. Сотқа бағытталған іс те 5,5 пайызға төмендеген.

Айгүл ӘДЕПБАЙ