Астанаға келген Өзбекстан президенті Ислам Кәрімов
Қазақстанмен арада өткен жылы Ташкентте бекітілген стратегиялық әріптестік
туралы келісімнің өзектілігіне енді көз жеткізгенін айтты. «Енді құжаттың маңыздылығы
күннен күнге артып отыр», - деді көрші елдің басшысы. Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен
кеңейтілген құрамдағы кездесу барысында ол әлемде және өңірде қалыптасып
отырған жағдай барысында бұл келісімнің өзектілігі еселене түскенін айтты.
Ислам Кәрімов, Өзбекстан Республикасының президенті:
Біз Өзбекстанда тарихи қалыптасқан және өмірмен
дәлелденген достық, көршілік қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз. Халықтарымыздың
түп-тамыры, тілі мен дәстүрлері, ортақ мүдделері бізді бұрыннан байланыстырып
келеді. Бүгінгі әлемдегі күрделі ахуал мен проблемаларды ескере отырып, терең
байланыстарымызды ұмытпай, бізге ортақ құндылықтарды дамып, нығаю жолында күш
жұмсауымыз қажет.
Ал Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасындағы
экономикалық әлеует толықтай игерілмей отырғанын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының
Президенті:
Біздің елдеріміздің арасындағы экономикалық
әлеует жеткілікті деңгейде пайдаланылмай жатыр деп санаймын. Тауарлар номенклатурасы өте тар. Сондықтан да үкіметаралық комиссия, үкіметтеріміз тауар айналымын арттыра түсу үшін, тағы еңбектенуге тиіс. Бұл
екі елге де тиімді.
Қазақстан мен Өзбекстанның Орталық Азиядағы су
мәселелеріне деген позициясы бір арнада. «Көптеген аспектілер бойынша біздің
көзқарастарымыздың сәйкес келетінін атап өтудің өзі қуанышты», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Өз кезегінде, Ислам Кәрімовтың айтуынша,
тараптар Сырдария мен Әмударияның бас жағындағы жаңа гидротехникалық нысандар
халықаралық ұйымдар мен барлық мүдделі жақтардың келісімімен ғана тұрғызылуы
тиіс.
Ислам Кәрімов, Өзбекстан Республикасының
президенті:
Бүгін біз Сырдария мен Әмудария өзендерінің
бастау алар тұсына жаңа гидротехникалық құрылыстар салуға қатысты ортақ
ұстанымызды қуаттадық. Ол БҰҰ-ның халықаралық құқықтары мен нормаларының жалпы
танылған нормаларына сәйкес жүзеге асырылуы тиіс. Бұған қоса, аталған
өзендердің төменгі сағасында қоныстанған барлық елдермен міндетті түрде
келісілгені қажет.
Сонымен қатар Кәрімов Қазақстан тарапы Өзбекстанның Аралды құтқару халықаралық қорына төрағалық етуіне қолдау
білдіргені үшін алғыс білдіріп, «Арал теңізі бассейіндегі елдерге көмек көрсету
бағдарламасының» үшінші фазасы аясында бірлескен күш-жігер жұмсауға дайын
екендігін баса айтты. Бұған қоса, Астана мен Ташкент халықаралық терроризм мен
экстремизмге қарсы тұру мәселелерін де талқылады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының
Президенті:
Біз Украина, Ауғанстан, Сирия мен Ирактағы
жағдайды талқыладық. Біз алдағы уақытта да халықаралық аренада бір-бірімізге
қолдау көрсетуге ниеттіміз. Бірлескен бастамаларды, оның ішінде Біріккен Ұлттар
Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, ТМД, ШЫҰ өзге де құрылымдарда оларды жүзеге асыруға белсенді
қатысамыз. Халықаралық терроризм, діни экстремизмге қарсы күрес мәселелерін
талқыладық, бұл бағытта бірлесе жұмыс атқарған жөн.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА