Русский Сайттың толық нұсқасы

Ауыр атлеттер Рио-де-Жанейрода үш алтын алуды көздеп отыр

  • AstanaTV
  • 25 қараша 2014
  • 1354

«Рио-де-Жанейрода өтетін олимпиада ойындарында ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасы кемінде үш алтын медальді ұтып алу қажет»,- деді еліміздің спорт комитетінің төрағасы Астанада өткен баспасөз маслихатында. Самат Қанағатов толықтырады.

Алматы қаласында өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 3 алтын және 2 күміс медальді ұтып алып, командалық есепті алғашқы үштікті қорытындылады. 105 келі салмақта өнер көрсеткен Илья Ильин өз мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеп берді.

Илья Ильин, ауыр атлетикадан әлемнің төрт дүркін жеңімпазы:

Соңғы мүмкіндігімде көтерген 242 келі тек халықтың қолдауымен мүмкін болды. Жанкүйерлерге алғысым шексіз. Мен үшін жаңа салмақ болғандықтан, оңай болған жоқ. Дегенмен, халықтың сенімін ақтау үшін барымды салдым.

Ал нағыз бәсеке 94 келіге дейінгі салмақта жүрді. Бұл сында екі бірдей қазақстандық спортшылар Владимир Седов пен Жасұлан Қыдырбаев алтын және күміс жүлдегерді анықтады. Командаласына қарағанда жас та болса, көзінде оты, бойында намысы бар Жасұлан әлем чемпионы атағына қол жеткізді.

Жасұлан Қыдырбаев, ауыр атлетикадан әлем чемпионы:

Әр спортшының ойында ұту болады ғой. Ол менің де ойымда болды. Мүмкіндік болса, ұтам деген оймен жарысқа қатыстық. Барша қолдауларға рахмет. Жаңа айтып өткендей, өз елімізде өткен жарыс - үлкен мәртебе, үлкен жетістік.

Алдағы уақытта өтетін ірі жарыс, әрине, олимпиада ойындары. Лондондағы нәтижені ескере отырып, енді Бразилияда сол жетістікті қайталауға тырысу қажет. Ал әзірге чемпиондар мен жүлдегерлердің еңбегі бағаланып, оларға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Еліміздің Мәдениет және спорт министірлігі мен спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы дүбірлі жарыста ел абройын асырған спортшыларға арнап, дипломдар мен ақшалай сыйақылар табыстады.

Алматыдағы нәтижені ескере отырып, Қазақстан құрамасы әлемнің үздік алты командасының қатарынан орын алды. Ал Илья Ильин әлем чемпионатының үздік спортшысы атағына қол жеткізді.

Самат ҚАНАҒАТОВ