Русский Сайттың толық нұсқасы

Байқоңыр қаласының тұрғындары рубльдің құнсыздануынан зардап шегіп отыр

  • AstanaTV
  • 18 желтоқсан 2014
  • 1364

Ал айналымында теңге мен рубль бірдей жүретін Байқоңыр қаласының тұрғындары рубльдің құнсыздануынан зардап шегіп отыр. Мұндағы Қазақстан азаматтары жалақы мен зейнетақыны Ресей рублімен алады. Ал екінші деңгейлі банктердің филиалдарынан алған несиелерін тек теңгемен төлейді.

Жергілікті халықтың айтуынша
, Байқоңырда Халық банкінің ғана бөлімі бар және ол банктен барлығы бірдей несие ала алмайды. Сондықтан көпшілігі 250 шақырым қашықтықтағы облыс орталығы - Қызылорда қаласына барып тұрмыстық техниканы несиеге рәсімдеген. «Ең сорақысы ол емес», - дейді халық, ресей рублі құлдырап, алатын жалақылары мен зейнетақылары мардымсыз болып қалған. Әсіресе зейнеткерлер несиелерін жаба алмай қаламыз ба деп қорқады. 

Базаркүл Тәжібаева, зейнеткер, Байқоңыр қаласы:

Бұрынғы курспен алғанда, біз теңгемен айына 22 мың теңге төлеп тұратынбыз, пенсиямнан. Енді қазір пенсиям 22 мың теңгеге жетпей қалды айналдырғанымда. Кредит барып сұрасаң: гражданствоң сенің - Қазақстандікі, Қазақстаннан барып ал дейді. Қазақстанға келсең: енді айлығың, пенсияң - рубль, барып орысыңнан ал дейді. Сонымен шөре-шөреміз, шынын айтқанда.

Қызылордадан тауарды теңгеге сатып әкеліп, Байқоңырда кәсібін дөңгелетіп отырған тұрғындар да қиналып қалғанын жасырмайды. «Осыған дейін 200 мың рубльге бірталай тауар алатынбыз. Енді пайдадан айтарлықтай қағылып қалдық. Есесіне бағаларды көтеруге мәжбүрміз», - дейді олар. 

Жақыпбек Қоянбаев, кәсіпкер:

200 мың рубль миллион теңге болатын. Енді 200 мың рубль -  600 мың теңге. 400 мың теңгені жоғалтып отырмыз. Бағаны көтердік азық-түлікке, тұрмыстық тауарларға. Оның бәрі қалаға кері әсерін тигізіп жатыр. Мысалы, нанды 12 рубльмен сатып келсек, енді 15 рубльмен сатуға мәжбүрміз. Халық ашулы, сауда жүрмей жатыр. Әрі қарай не боларын білмейміз.

Шарипа САҚТАПОВА