Русский Сайттың толық нұсқасы

Жолдау жүктеген жаңа міндеттер аясында БҚО-ның инфрақұрылымы жаңартылмақ

  • AstanaTV
  • 26 қараша 2014
  • 1509

Жол азабын жүрген біледі. Бұл мәтел батыс қазақстандықтар үшін жақсы таныс. Өйткені Ақ Жайық өңіріндегі 6 мың 531 шақырым жолдың тек 30 пайызына ғана асфальт төселген. Облыс ішіндегі жолдар да мәз емес. Былтырғы сапарында Оралдың жолдарын сынға алған Президент бұл саланы ретке келтіруге Үкіметтен 20 млрд теңге бөлуді тапсырған болатын. Осы тапсырма ізімен биыл облыстың екі ауданына асфальт төселіп, Орал қаласында 40 шақырым жол салынды.

Жолдау жүктеген жаңа міндеттер аясында енді өңірдің инфрақұрылымы бір жаңартылмақ. Батыс Қазақстан облысы Ресейдің бес бірдей облысымен шектеседі. Мысалы, бір ғана Саратов облысымен арадағы шекара 550 шақырымға созылып жатыр. Сондықтан іргелес орналасқан көршілермен байланыс та тығыз. Мысалы, жыл басынан бері Ресеймен арадағы сыртқы тауар айналымы 527 млн АҚШ долларын құраған. Енді жол түзелсе, бұл сандардың еселене түсері анық. Ал бүгінде Орал  - Саратов бағытындағы құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңі басталды. Бұл іске қажетті 6 миллиард теңге ел қазынасынан бөлініп отыр.

Нұрлан Ноғаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

Біз Ресей Федерациясының облысының басшылықтарымен, орталық мемлекеттік органдарымен келісімдеріміз бар. Біз өз тарапымыздан шекараға дейін жасап, олар да өз тарапынан шекараға дейін жасайды. Жолдың дамуы, сапалы, тиімді жолдың болуы - бұл өнеркәсіпті  дамытуға, шаруашылықты, кәсіпкерлікті дамытуға үлкен септігін тигізетіні сөзсіз.

Еркін КАРИН