Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәжіліс депутаты балалар үйлерін патронаттық отбасылармен алмастыруды ұсынды

  • AstanaTV
  • 26 қараша 2014
  • 1311

Елімізде балалар үйі болмауы керек. Жетімдерді патронаттық отбасыларда асыраған жөн. Мұндай сауалды Премьер-министрдің атына Мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов жолдады. Депутаттың айтуынша, балалар үйлерін патронаттық отбасылармен алмастыру керек. Өйткені балалар үйіндегі тәрбиенің кері әсері бар дейді. Ондай орындардан шыққан ұлдардың 60 пайызы қылмыс жасап, қыздардың 40 пайызы жезөкшелікпен айналысады деген дерек келтірді.

Ал патронаттық, яғни тәрбиені отбасынан алу жүйесі АҚШ, Израиль, Ұлыбритания сияқты елдерде дамып кеткен, сәйкесінше оларда жетімдер үйі мүлдем жоқ. Патронаттық бағыт бізде бар, бірақ тәлтіректеп тұр. Өйткені мемлекет бала асырап алам деушілерді тиісті өтемақылармен жарытпай отыр, деген пікірде депутат.

Тұрсынбек Өмірзақов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «ҚХКП» фракциясының мүшесі:

Сол патронатты үйлерде 1900 бала бар қазір. Бізде қазір 34 мың бала деп айттым ғой. Қазір балалар үйіндегі балаларды кісілерге бергісі келмейді. Балалар үйі балаларды сатады. 457 бала сатылған. Олар кезекке тұрмаған кісілерге берілген. Сосын көп балаларды ауру деп шығарады. Ауру деп шетелдің кісілеріне беріп жібереді. Міне, сондай жаман жағдайлар бар. Ойлаймын, солардың күллісін біздің Үкімет қарау керек.

Депутаттың айтуынша, жетім баланы асырап отырған патронатты отбасына 35 мың теңге жалақы төленеді. Және әр балаға 18 мың теңге жәрдемақы беріледі. Бұл өте аз сома дейді Тұрсынбек Өмірзақов. Ал балалар үйінің басшылығы, ата-анасыз қалған балғындарды отбасыларға беруге құлықсыздығының себебі, ақшаға тіреледі. Яғни бала кетсе, олардың бюджеті қысқарып қалады. Халық қалаулысы асырап алу жүйесіндегі бюрократиялық кедергілердің көптігін де айтып шығымданды. Дегенмен, балар үйі келмеске кетіп, жетімдерді асырап аламын деген отбасыларға патронаттық тәрбиеге беру жүйесі қалыптасса, өзі де бір қаракөзді асырап алуға ниетті екенін айтты.

Айгүл ӘДЕПБАЙ