Русский Сайттың толық нұсқасы

Ерлан Арын сот залынан босап шықты

  • AstanaTV
  • 26 қараша 2014
  • 1712

Тоғыз айға жуық қамауда болған Ерлан Арын бүгін сот залында босатылды. Павлодар облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта жарияланған үкімге сәйкес, экс-әкім 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Айта кету керек, мемлекеттік айыптаушылар кешегі жарыссөзде экс-әкімді бес жылға қатаң тәртіптегі колонияға жабуды сұраған болатын. Экс-басшыны тұтқындалған күннен қолдаған жақтаушы топ бүгінгі шешімді қуана қарсы алды. Кереку жұртының аузынан түспеген сот процесі туралы өңірдегі әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы толығырақ.

Наурыздан бастап қолына кісен салынған Ерлан Арын бүгін сот залына нық басып кірді. Орнына жайғасқан соң, экс-шенеуніктің абыржығаны байқалды. Бірақ сот шешімін айыпталушыдан гөрі залға жиналған қолдаушы топ асыға күткендей. Араларында дұға оқып отырғандары да болды. Ерлан Арын әу-баста «алаяқтық», «пара алу» және «қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру» баптары бойынша айыпталды. Алайда, бүгін судья бұл баптарды «қызметтік бабын асыра пайдалануға» өзгертілгенін мәлімдеп, үкімді жариялады.

Қабиболла Байгөншеков, Павлодар облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот төрағасы:

Қылмыстық кодекстің 63-бабына сәйкес, жаза шартты түрде деп белгіленді. 3 жылға сынақ мерзімі тағайындалды. Сондай-ақ, мемлекеттік және жергілікті өзін өзі басқару органдарынан 5 жылға шеттетілсін. Арын тұрғылықты мекен-жайы мен жұмыс орнын тиісті органдарды ескертпей, өзгерте алмайды.  

Сот шешімімен бүгін Ерлан Арын мемлекеттік «Құрмет» және «Парасат» ордендерінен де айрылды. Дегенмен, үкімге экс-әкім сыр бермеді, байсалды қабылдады. Ал сот залына жиналған жақтаушылар бұрынғы басшының жазасы мейлінше жеңілдегенін естігенде, қол шапалақтап, қабылдады. Тіпті, босап шыққан айыпкерді қаумалап, жібермеді.

Айжан Сабирина, Е.Арынның  адвокаты:

Мен Ерлан Арынның сот залынан босатылып шыққанына ризамын. Бірақ дәл қазір нақты ештеңе айта алмаймын, өйткені қорғауымдағының пікірін білмеймін. Екіншіден, қандай баптар бойынша ол айыпсыз деп танылып, қайсысы өзгертілгенінен бейхабармын. Дегенмен, нәтиже көңілімнен шықты.

Үкім шығарылған соң экс-әкім тілшілерге сұхбат береді деген қорғаушылардың кешегі уәдесі орындалмады. Ерлан Арын қосалқы есіктен қара түсті көлікке отырып, кетіп қалды. Бірақ оны кіре берісте ақпарат құралдарымен бірге қолдаушылары да күткен еді.  Қуаныштарын әнмен де байқатты. 

Арман Қани, журналист, ақын, қоғам қайраткері:

10 эпизод бойынша қылмыстық іс көтерілген болатын ол кісінің үстінен. Соның екеу-үшеуі ғана қалды. Бұған да шүкіршілік етеміз. Алдағы уақытта шартты мерзімінен абыроймен құтытылады деген ойдамыз.

Ерлан Арын Павлодар облысына 2012 жылдың қаңтар айында әкім болып тағайындалды. Араға екі жыл салып, яғни өткен жылдың аяғында Кереку өңірі ауқымды коррупциялық даудың ортасында қалды. Облыс әкімінің кеңесшісі Төлеген Бәстенов ірі көлемде пара алып тұрған жерінен құрықталды. Іле-шала Ерлан Арын өз еркімен қызметінен кетті. Артынша наурыздың 4-інде экс-әкім қамауға алынды. Шенеунікке абаттандыруға бөлінген қаржыны қымқыру және аса ірі көлемде пара алу деректері бойынша айып тағылды. Облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бәстеновтың ісі әлі сотқа жетпеген. Әлі тергелуде.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Үш жылға шартты мерзіммен сотталған Ерлан Арынның рақымшылыққа іліну-ілінбеуі әлі белгісіз. Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, бұл мәселе үкім көшірмесі зерттелгеннен кейін ғана анықталмақ. Дегенмен, әуеліде 10 эпизод бойынша айыпталған экс-әкімге тағайындалған бүгінгі жазаны жеңілдік деп қабылдау жөн. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ