Русский Сайттың толық нұсқасы

Орал қаласының іргесіндегі жаңа елді мекеннің тұрғындары бір тәуліктей газсыз отырды

  • AstanaTV
  • 27 қараша 2014
  • 1417

Орал қаласының іргесіндегі Деркөл ауылына қарасты жаңа елді мекеннің тұрғындары бір тәуліктей газсыз отырды. Қарашаның қара суығында көгілдір отыннан қағылған тұрғындар түнімен тоңып, берекесі қашқанын айтып, мұңын шағуда. Мұндағы екі мыңға тарта тұрғын үйдің барлығы дерлік газбен жылытылады. Ас-суын да отынның осы түрімен дайындайтын ауылдықтарға күні бойы ораза ұстауға тура келіпті.

Газ құбырының бойында әлдебір себептермен су қатып қалғанын жеткізген газ таратушы мекеменің қызметкерлері құбырларды жылытып, желіні судан тазарту ісіне кіріскен. Кешке таман ауылдағы үйлерге көгілдір отын біртіндеп, қайтадан беріле бастады. Дегенмен, айтып келмейтін мұндай тосын апаттардың тағы да қайталанбасына жауапты мекеме кепілдік бере алмай отыр. Ал тұрғындар осында қоныстанғалы бері мұндай апаттардың жиілеп кеткенін айтады.

Әлима Ермұханова, Деркөл ауылының тұрғыны:

Қонақ шақырып қойып, тамақ іше алмай отырдық. Үйде кішкентай баламыз бар, немереміз бар. Алысқа мектепке барады. Түсте барғанда тамақ ішпей кетті. Осы газға жарты миллиондай ақша кетті бізде, жағдай жоқ. Бойлай осылай болады.

Еркін КАРИН