Русский Сайттың толық нұсқасы

Түсініксіз жағдайда жоғалған әскери коммисариат қызметкеріне қатысты жаңа деректер анықталды

  • AstanaTV
  • 27 қараша 2014
  • 1338

33 жастағы Арман Сұрағанов 6 ай бойы қамауда болған. Із-түссіз жоғалған сержанттың жары Қарагөз Арғынбаева ақпарат құралдарына осыны баяндады. Айтуынша, белгісіз біреулер күйеуін қорғаныс істері жөніндегі қалалық басқарманың ғимаратында кезекшілікте тұрған кезде ұрлап әкеткен. Арманға сол түні шамамен түнгі 12-де 3 бейтаныс адам шабуыл жасайды. Ауыр соққыдан есінен танған ақтөбеліктің аяқ-қолын байлап, көлікке салып, шамамен Қостанай бағытына алып кеткен.

Алты ай бойы соққыдан көз аштырмай, шынжырлап ұстаған. Белгісіз бір жайтты мойындауды талап етіпті. Мақсатымыз - ақыл-есінен айыру, дейтін көрінеді. Олар тұтқынды аптасына бірнеше рет қана тамақтандырып, әбден әлсіреткен. Арманның қарауылдардың өзара әңгімелерінен түсінгені - қылмыстық әрекетті ұйымдастырушы тамыз айында көлік апатынан қаза болған. Оның қырқын өткізген соң, Ақтөбе облысының Хромтау ауданы маңына көлікпен жеткізіп, сол жерде қалдырып кеткен көрінеді.

Қарагөз Арғынбаева, А. Сұрағановтың жары:

Әрі қарай бізге болмайды деп, бір біріне әңгіме ретінде айтқан. Соны естіген. Сосын жаңағыдай айтқан: басыңды көтермей жат. Документтерін алып, денесінің үстіне лақтырған. С днем рождения деп. Басыңды көтермей тұра тұр, біз өзіміз кетіп қалуымыз керек деп.

Арманның өзі болса, күні-түні полицейлердің қарауында. Зайыбы оның тіпті жақындарымен арқаны кеңге салып тілдесуге де мұршасы жоқ екенін айтты. Медициналық тексеруден өткізіпті, оған психологтың көмегі қажет дейді. Бірақ әзірге тәртіп сақшылары ондай мүмкіндік бермей отырған көрінеді. «Арманның өзі де ешкіммен сөйлеспейді. Әбден қорқып қалған» дейді. Дегенмен оның отбасына оралғанына қуанған туғандары істің ақ-қарасын толықтай анықтап, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етуде.

Талғат Сұрағанов, А. Сұрағановтың әкесі:

13 август туған күні еді. Енді міне ноябрьге ауыстырайын деп жатырмыз. Амандық болса, ертең паспортын, документтерін ауыстырайын деп отырмын. Баламның несіне... Қуаныш деп атын қоймақпын. Қуанғанымыз соншалық. Аман-есен келгеніне қуанамыз.

Мансұр ЕСҚОЖИН