Русский Сайттың толық нұсқасы

Ресейдің жоғарғы лигасында «Сарыарқа» командасы кезекті үш ұпайды олжалады

  • AstanaTV
  • 27 қараша 2014
  • 1527

Қарағанды қаласының «Сарыарқа» хоккей клубы тағы үздік шықты. Ресей чемпионатының кезекті турында Ангарск қаласының «Ермак» клубын қабылдаған Леонид Тамбиевтің шәкірттері 5-3 есебімен жеңіске жетті. Бұл жетістігінен кейін қазақстандық ұжым турнир кестесіндегі басымдығын нығайтты.

Ресейдің жоғарғы лигасында сынға түсіп жатқан «Сарыарқа» командасы кезекті үш ұпайды олжалады. «Ермак» клубымен болған кездесуді жоғары жылдамдықпен бастаған айдын иелері бірінші кезеңде 3-0 есебімен алға шықты. Алдымен, Михаил Паньшин есеп ашса, келесі сәттерде Евгений Белухин мен Кирилл Тамбиев мергендігімен танылды. Қарымта шабуылға шыққан қонақтар екі голмен жауап қайтарды. Шайбаның авторлары - Савва Селезнев пен Сергей Чубыкин. Үшінші кезеңнің басында Эрик Шевченко жергілікті жанкүйерлер қошеметіне бөленді. Қарап қалмаған «Ермак» хоккейшілері Ромкан Благойдың көмегімен есепті тағы да бір шайбаға дейін қысқартты. Дегенмен бұл күні жеңіске деген құштарлық көрсеткен қазақстандық ұжым кездесудің соңғы минутында есепті 5-3-ке жеткізді. Бұл сәтте Олег Ломако соңғы нүктені қойды. Келесі кездесуін «Сарыарқа» командасы Красноярск қаласының «Сокол» клубына қарсы өткізеді.



Лондонның «Арсенал» командасы чемпиондар лигасының 1/8 финалына жолдама алды. Кезекті турда Дортмунд қаласының «Боруссия» клубын қабылдаған Арсен Венгердің шәкірттері 2-0 есебімен алға шықты. Бұл ойындағы алғашқы голды алаң иелерің сапында Яя Саного соқты. Бұл голдан кейін шабыттанған лондондық клуб үзілістен кейін есепті еселеді. Бұл жолы жеке шеберлігімен көзге түскен Алексис Санчес командаластарының қуанышына бөленді.

Бұл жетістігінен кейін «Арсенал» командасы 10 ұпай жинап, турнир кестесінің 2-сатысына тұрақтады.

Самат ҚАНАҒАТОВ