Бүгін «Нұр отан» партиясы Астана қалалық
филиалының төрағасы болып бір ауыздан қала әкімі Әділбек Жақсыбеков
тағайындалды. Бұған дейін филиалды
экс-әкім Иманғали Тасмағамбетов басқарған. Қалалық филиалдың жаңа басшысы
партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің құттықтауын қабыл алды.
Әділбек Жақсыбеков, Астана қаласының әкімі:
Маған білдірген үлкен сенімдеріңізге рахмет.
Біріншіден, үлкен жауапкершілік, міндет, бірақ сіздермен бірлесіп, қоян-қолтық жұмыс
істеп, барлық міндеттерді абыроймен орындаймыз деп сенемін.
Салтанатты рәсімнен соң, Бауыржан Байбек 300-ден
аса партия мүшесі мен жастар, өзге де ұйымдар қатысқан есептік-сайлау
конференциясын өткізді. Жиын барысында партияның Астана қалалық Саяси кеңесінің
жаңа құрамы сайланды. Оған мемлекеттік қызмет, салалық экономика мен қызмет
көрсету кәсіпорындарының жұмысшылары, жасотандықтар мен азаматтық қоғам
өкілдері кірді. Сондай-ақ «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаттың басым
бағыттары талқыланды.
Салтанат Әли, «Жас Отан» жастар қанаты Астана
қалалық филиалының атқарушы хатшысы:
Жолдаудың бүгінгі таңда бізге, жастарға, берер орны ерекше. Себебі ертеңгі күні Қазақстанның инфрақұрылымы, әлеуметтік
дамуы және болашағы осы Жолдауға байланысты болмақ.
Азамат АЛДОҢҒАРОВ