Русский Сайттың толық нұсқасы

Мәслихат - халық пен биліктің алтын көпірі

  • AstanaTV
  • 20 қаңтар 2016
  • 3007

Осыдан 22 жыл бұрын негізі қаланған мәлихат билік пен бұқараның арасындағы алтын көпірге айналды. Ал олардың атқаратын қызметі қандай, сайлаушылардың аманатын азаматтық  парыз тұтқан халық қалаулылары ел игілігі үшін не істеді? Қостанайдағы облыстық мәслихаттың жұмысы мен жеткен жетістігін тілшіміз Заңғар Санай толықтырады.

Татьяна Булгацевич - талай жанның алғысын алған танымал дәрігер. Ол - Қостанайдағы перинаталды орталықты басқарады. Білікті маман 2012 жылы мәслихат депутаттығына өтті. Депутат - денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт мәселелері жөнінде комиссияның төрайымы. Халық қалаулысы денсаулық саласындағы өзекті мәселелердің шешілуіне айрықша атсалысқандығын айтады.

Татьяна Булгацевич, Қостанай облыстық мәслихатының депутаты:

Менің депутаттық сауалымнан кейін облыс әкімі 200 миллион теңге қаражат бөлу мәселесін қарастырды. Әрине, бұл қомақты сомма емес. Қайткенмен жеңілдікпен берілетін дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмауға үлкен көмек болды.

Шаһар шетіндегі «Солнечный» шағын ауданының тұрғындары мәслихат депутаты Татьяна Булгацевичті жақсы таниды. Депутаттың тікелей араласуының арқасында бұл маңда дәріхана ашылыпты. Бұған дейін дәрі-дәрмек алу үшін қала орталығына қатынап жүрген қариялардың халық қалаулысына деген алғыстары шексіз.

Антонина Соляникова, Қостанай қаласы «Солнечный» шағын ауданының тұрғыны:

Бұл дәріхананың ашылуы зейнеткерлер үшін, қарт кісілер үшін өте жақсы болды. Үйіміздің жанында. Сырқаттанып қалсақ, қажет дәрімізді тауып береді.

Жалпы, Қостанай өңірінде үш жүзден астам халық қалаулысы ел игілігі үшін еңбек етуде. 35-і облыстық мәслихаттың депутаты. Солардың 30 пайызы бірнеше шақырылымнан бері сайланып келе жатқан көрінеді. Бесінші шақырылым депутаттары өңірде бірнеше балабақшаның салынуына, мәдени орталықтардың ашылуына атсалысты. Сонымен қатар мәслихат депутаттары 6 комиссия бойынша жұмыс атқарды. Жергілікті бюджетті тиімді бекіту. Аймақтың  әлеуметтік экономикасын, спорт, білім, денсаулық саласын және гендерлік саясатты дамыту жергілікті мәслихаттың бақылауында.

Сайлаубек Есжанов, Қостанай облыстық мәслихатының хатшысы:

Біз үшін ең маңызды жұмыстардың бірі - облыс бюджетін бекіту және қабылдау. Сонымен қатар  көптеген нормативтік құжаттар қабылдаймыз. Мәселен, салық актілері бойынша бірқатар құжаттарды қарастырдық.

Мәслихаттар институтының негізі 1994 жылы наурыз айында қаланды. Сол тұста облыстық, қалалық, аудандық кеңестердің құзіреті өкілді органға берілді. Өкілді органның бүгінгі таңға дейін бес шақырылымы болды.

Осы уақыт аралығында облыстағы барлық деңгейдегі мәслихаттар өңірді дамыту жолында ерен еңбек етіп, өзекті  мәселелерді шешу  үшін қыруар  жұмыстар атқарды. "Тобыл өңірінің толағай жетістіктеріне қосқан үлесіміз зор. Әсіресе әлеуметтік саланы жіті назарда ұстадық", -  дейді жергілікті депутаттар.

Нәбидолла Кикебаев, Қостанай аудандық мәслихатының депутаты:

Депутат болып түскен адамдардың ішінде көбінесе ауданның жанындағы басшылар, үлкен-үлкен мекеме директорлары, ЖШС бар - бір ауылды ұстап тұрған кісілер. Оларға келгенде, енді қарап та тұра алмайды. Аудандық бюджеттің жетпей жататын тұстары бар ғой. Сол бір мәселе шешілмей жатқанда, өздерінің қаржысымен, өздерінің техникасымен кірісіп кетеді.

22 жыл аралығында мәслихат бұқара мен билік арасындағы алтын көпірге айналды. Өкілді органға халық нық сенеді. Сондықтан болар, аймақ атқамінері мен аудан әкімдерін, тіпті жергілікті полиция басшысын тағайындау мәслихаттың келісімімен жүзеге асады.

Заңғар САНАЙ