Русский Сайттың толық нұсқасы

Қостанайда кәріз құбырын жөндеп жатқан екі жұмысшы қайтыс болды

  • AstanaTV
  • 28 қараша 2014
  • 1236

Қостанайда кәріз құбырын жөндеу барысында екі жұмысшының өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаменті жазбаша  ақпарат таратты.

Еске салайық, кеше кешқұрым шаһардағы Алтынсары мен Фролов көшелерінің қиылысындағы кәріз құбырын жөндеп жатқан жұмысшылар опырылып құлаған құмның астында қалған болатын. Жұмысшылар 8 метр тереңдікте қазылған кәріз құбырларын жөндеп жатқан. Кенеттен топырақ үйіндісі құлап, салдарынан үш адам зардап шекті. Жарақат алған жұмысшының біреуі дереу облыстық аурухананың жансақтау бөліміне  жеткізілді. Дәрігерлер бүгін оның ес жиғанын айтты. Ал қалған екеуі құм астында мерт болды. Олардың денесін жер астынан алып шығу үшін, арнайы құтқару тобы алты сағат бойы жұмыс істеді.

«Енді қауіпсіздік талаптарын сақтамағаны үшін «Балқаш Құбыр монтаж» мекемесі жауапкершілікке тартылуы мүмкін», - делінген облыстық ішкі істер департаменті таратқан ақпаратта. Айта кетейік, осы  оқыс оқиғаға байланысты түстен кейін қалалық әкімдікте баспасөз жиыны өтпек.

Заңғар САНАЙ