Русский Сайттың толық нұсқасы

Петропавлда «Қызылжар-ИНВЕСТ-2014» халықаралық инвестициялық форумы өтті

  • AstanaTV
  • 28 қараша 2014
  • 1239

Петропавлда «Қызылжар-ИНВЕСТ-2014» халықаралық инвестициялық форумы өтті. Үлкен жиын отандық алып компаниялар мен 300-ге жуық шетел инвесторының басын қосты. Шара барысында Солтүстік Қазақстан облысының бірқатар саласында инвестицияны қажет ететін кәсіпорындардың әлеуеті туралы айтылды. Форум нәтижесінде 70 келісімшартқа қол қойылды. Кездесудің тиімді тұстары туралы аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин баяндайды.

Аграрлы аймақ - Солтүстік Қазақстан облысы - дихандары арнайы технологиялардың арқасында жыл сайын гектарынан 15-20 центнер астық алады. Алайда, ауыл шаруашылығы саласында оқ бойы алға шыққан Украина шаруаларының бұл бағыттағы жетістіктері 3-4 есе артық. Саралай келе, мамандар бар гәп - жаңа техникада екенін түсінген. Енді бүгінгі инвестициялық форумның арқасында жаңашылдық Қазақстанға да жетпек.

Николай Зелинский, «Хмельниксельмаш» АҚ бас директоры:

Бізде кешенді жұмыс атқаратын ауыл шаруашылығы техникалары бар. Олардың арқасында топырақтың ылғалдылығы жоғары болады және өндіріс шығыны 2 есе азаяды. Украина осы технологияны пайдаланып, бір гектардан 60 центнер астық алады.

Украинаның бұл көлігі енді Қызылжарда құрастырылмақ. «Петропавл ауыл шаруашылығы техникасы» зауытының басшылығы екі жақты меморандумға қол қойып, өндіріс ошағын әзірлеуге көшті. Кәсіпорын жетекшісінің пайымдауынша, тың техника жергілікті шаруаларға таңсық. Сондықтан үлкен сұранысқа ие болатынына сенімді. Тағы бір жағымды жаңалық - зауыт жаңа құрылғыларды тек құрастырып қана қоймай, бөлшектерін де өзі жасамақ.

Асхат Исенов, «Ауыл шаруашылығы техникасы» зауытының басқарушысы:

Өндірісті келесі жылдың ортасында бастаймыз. Техника бөлшектерінің 30 пайызын өзіміз жасаймыз. Кейін бірте-бірте 100 пайызға дейін жету жоспары бар. Бағасы Украинадағыдан әлдеқайда төмен болады.

Енді Қызылжар өңірінде жаңа комбайндар да шығарылмақ! Халықаралық форум барысында отандық серіктестіктер Финляндия компаниясымен келісімшарт жасасты. Кәсіпорын жетекшісінің айтуынша, жаңа комбайнның сапасы аты әйгілі «ДжонДирден» кем емес, ал бағасы қол жетімді болады. Жоба алдымыздағы жылы жүзеге аспақ.

Михаил Кулик, фин компаниясының ТМД елдері бойынша аймақтық директоры:

Колледждермен, университеттермен тығыз байланыс орнатып, мамандарды оқытатын ойымыз бар. Яғни зауытта фин елінің мамандары мен қазақстандықтар бірлесе жұмыс атқарады. Бұдан бөлек, Қазақстанда комбайнға қажет бөлшектер өндірісін 60 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

«Қызылжар-ИНВЕСТ-2014» форумының нәтижесінде 70 маңызды құжатқа қол қойылды. Бұның арқасында шамамен жалпы құны 50 млрд тенгеден асатын бірнеше жоба келесі жылдан бастап іске қосылады. Нәтижесінде екі мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

Ерік Сұлтанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

50 млрд теңге бұл - Қазақстанның индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының екінші 5 жылдығына салынатын қаржы. Ол сан түрлі салаларды қамтымақ. Жаңа жобалардың арқасында, әсіресе туризм, табиғи ресурстарды пайдалану, машина құрастыру және ауыл шаруашылығы сияқты салалары дами түседі деген ойдамыз.

Келесі инвестициялық форум бір жылдан кейін өтеді. Жергілікті атқамінелер қазақ нарығына көз тігіп отырған инвесторлардың саны одан әрі көбейіп, теріскей экономикасы құлашын кеңге жаяды деп сенеді. 

Абзал ҚҰРМАНКИН