Шайбалы
хоккейден Қазақстанның жастар құрамасы тағы да үздік шықты. Әлем чемпионатының
кезекті турында Сергей Старыгиннің шәкірттері Жапония командасын 3-1 есебімен
жеңді. Бұл жетістігінен кейін қазақстандық хоккейшілер турнир кестесінің көш
басында тұр.
Футболдан
Германия чемпионатының 16-тур ойындары болып өтті. Бұл сында «Вольфсбург»
клубын қабылдаған Дортмунд қаласының «Боруссия» командасы 1 ұпайды қанағат
тұтты. Бірінші таймда терезесі тең өнер көрсеткен командалар үзіліске 1-1
есебімен кетті. Алаң иелері сапында Пьер Обамеянг есеп ашса, араға 20 минут
салып, айып соққысын шебер орындаған Кевин де Брюйне таразы басын теңестірді.
Екінші
таймда қонақтар қорғаушыларының қателігін сәтті пайдаланған Иммобиле алаң
иелерін алға шығарды. Бірақ, бұл жолы да қарап қалмаған «Вольфсбург»
футболшылары тез жиналып, есепті теңестіріп кетті. Әріптесінің бұрыштан
көтерген пасына бірінші жеткен Налдо командасын жеңілістен аман алып қалды.
Голландия
чемпионатының орталық кездесуінде «ПСВ Эйнховен» және «Фейенорд» командалары өзара сынға түсті. Бұл ойындағы алғашқы голды қонақтар соқты. Голдың авторы - Элвис
Ману.
Қарымта
шабуылға шыққан алаң иелері араға 10 минут салып, Люк де Йонгтың көмегімен
есепті теңестіріп кетті. Бірақ Филлип Коку шәкірттерінің қуанышы көпке созылмады.
Жылдам шабуыл ұйымдастырған «Фейенорд» футболшылары үзіліске 2-1 есебімен
кетті. Бұл сәтте Карим Эль-Ахмади мергендігімен танылды.
Үзілістен
тынығып шыққан алаң иелері «қонақтардың» қақпасына қатарынан екі доп соғып,
есепте алға шықты. Бұл сәттерде жеке шеберлігімен көзге түскен Люк де Йонг
хэт-триктің авторы атанды. Қарымта шабуылға шықан Фред Рюттеннің шәкірттері
таразы басын теңестіргеніне қарамастан, кездесудің қосалқы минутында Депай
жеңіс голын соғып, командаластарының қошеметіне бөленді. Бұл жетісігінен кейін
40 ұпай жинаған «ПСВ Эйндховен» командасы турнир кестесіндегі басымдығын
нығайтты.
Самат ҚАНАҒАТОВ