Русский Сайттың толық нұсқасы

«ҚазАэроЖоба» басшылығы Орал әуежайындағы ахуал туралы түсініктеме берді

  • AstanaTV
  • 28 қараша 2014
  • 1023

Оралда күрделі жөндеуден өткен әуежайға қатысты жанжал жалғасын тапты. «ҚазАэроЖоба» акционерлік қоғамының президенті, әуежай басшылары түймедей нәрсені түйедей қылып отыр, деп санайды. Мекеме Орал әуежайының ұшу алаңы қыс мезгілінде жарамсыз болады деген сөзді жоққа шығарды. Олар әуежай басшылығына жолдаған хатта ұшу алаңындағы мұзды тазарту үшін нақты тек «карбамид» және «АНС» типті химиялық реагентті қолдануға тиым салған. Асылхан Доспанбетов «карбамидті» цемент-бетонға қолданбау туралы арнайы ережеде де бар екенін қалайша әуежай басшылығы білмейді деп таң қалды. Ал өзге мұз еріткіш химиялық реагенттерді қолданбау туралы сөз болған жоқ дейді. «ҚазАэроЖоба» басшылығы күрделі жөндеуге дейін Оралдың әуежайында цемент-бетонды ұшу алаңы болғанын атап өтті. Сондықтан әуежай басшылығы неге тағы да Америка ашып отырғанын түсінбейміз дейді.

Асылхан Доспанбетов, «ҚазАэроЖоба» ғылыми-зерттеу және жобалау-іздестіру институты» АҚ президенті:

Ұшу алаңындағы мұзды тазарту - бұл тікелей әуежайдың міндеті. Біз тек цемент-бетон төселген алаңды тазартуда қандай химиялық реагенттерді қолданбау керектігін ескерттік. Негізі олар оны бізге айтқызбай-ақ өздері білуі қажет еді. Өйткені азаматтық авиацияға қатысты Үкіметтің қаулысында мұның барлығы көрсетілген.

Орал әуежайы күрделі жөндеуден өтпес бұрын ұшу алаңға асфальт-бетонды төсеу туралы сөз болғанын «ҚазАэроЖоба» тарапы растады. Бірақ мемлекеттік комиссияның шешімінен кейін цемент-бетон салыныпты. Себебі ол асфальтқа қарағанда, 2 есе ұзақ қызмет атқарады және бағасы бойынша арзан, дейді жобалаушы мекеме басшылығы. Ұшу алаңы цемент-бетоннан тұратын елімізде 5 әуежай бар. Олар - Семей, Талдықорған, Ақтөбе, Шымкентте.  Олардың барлығы қыс мезгілінде еш кедергісіз қызмет көрсетіп тұр дейді «ҚазАэроЖоба» өкілдері. Еске салсақ, кеше Орал әуежайы БАҚ өкілдерін жинап, осыдан үш апта бұрын ғана салтанатты ашылған әуежай енді қайта жабылуы мүмкін деген болатын. Оған «ҚазАэроЖоба» мекемесінің ұшу алаңына көктайғаққа қарсы сұйықтықты шашуға тыйым салуы себеп болғанын алға тартқан.

Берік ХАСЕНОВ