Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы облысында 7 адамның өмірін қиған төтенше жайттың салдарын жою жұмыстары жалғасуда

  • AstanaTV
  • 02 желтоқсан 2014
  • 1528

Оқиға орнына біздің меншікті тілшіміз Берік Хасенов аттанып, болған жайтты көзбен көріп қайтты. Тілшіміздің хабарлауынша, апаттан ауыр жарақат алған 5 адам әлі ауруханада жатыр екен, оның екеуінің жағдайы өте нашар. Жақындарынан айырылып, қақаған аязда баспанасыз қалған жандардың қазіргі жайы туралы дәл қазір.

Қираған қабырғалар, жан-жаққа шашыраған құрылыс материалдары - қорқынышқа толы түнгі көріністер. Жарылыстың жойқын болғаны соншалық, екі қабатты үйдің екінші бөлігі мүлдем опырылып түскен. Алып техника үйінділерді әлі тазартып жатыр. Жұмысшылар техниканың көмегімен төбесі ортасына түскен баспананы бұзуға кірісті. Талай қуаныштың куәсі болған үйден енді тек үйінділер қалды.

Оқыс оқиға кезінде тәтті ұйқыда жатқан жеті адамның өмірі қыршыннан қиылды. Қаза тапқандардың арасында жас бала да бар. Сол түні екі отбасы қара жамылды. Бір үйден бірден 5 адам және көрші пәтердегі ерлі-зайыптылар көз жұмды. Төтенше жағдайлар департаментінің алдын-ала болжамы бойынша, пәтер ішінде газ баллон жарылған.

Роза Қыдырбаева, Еркін ауылының тұрғыны:

Бәріміз де газды қолданамыз. Баллон қолданамыз. Енді осыдан былай қорқынышты, әрине. Әрі баллонды жағуға да қазір дірілдейміз, мынандай апатта қанша адам о дүниелік болып кетті. Біз тіпті тұруға қорқамыз мына жерде. Газды ашып-жабуға қорқамыз. Осындай күйдеміз қазір енді.

Қираған қабырға астында аман қалған 5 адам қазір ауруханада жатыр. Олардың арасында алты айлық нәресте де бар. Пәріштесі қаққан сәбиді жарылыстың толқынымен далаға бірақ шығарыпты. Дәрігерлер қазір 2013, 2014 және 1998 жылғы балалардың жағдайы қалыпты, қалған бір қызбен, 1979 жылғы ер жігіт жанжақстау бөлімінде ауыр халде екенін айтты.

Анарбек Монгол, Алматы облыстық ауруханасы травматология бөлімінің меңгеруішісі:

Жедел түрде екеуін де операция жасалынды. Ер адамда түскен кезінде бауыры жыртылған, көк еті жыртылған. Қыз балада түскен кезінде жамбас сүйектерінің сынуы, асқынуы мен қуығы жарылған. Политравма деген жағдай бұл өте күрделі травмалардың біреуі. Яғни тұлға сүйектерінің сынуымен қатар, ішкі құрылыстар бірге жарақат алғанда, бұлар қиын жағдайлар болады. Аяқ астынан қандай да бір асқынулар болуы мүмкін. Енді сол асқынулар болмауы үшін, барлық дәрі-дәрмектің бәрін жасап жатырмыз. Қолдан келгендердің.

Жарылыстан аман қалған адамдар қазір баспаналарына кіруден қорқады. Барлығының бойын үрей билеген. Көбі пәтерлерінде аман қалған заттарын далаға шығарып, басқа жаққа көшуде. Ал жергілікті әкімдік өкілдері зардап шеккен жандардың барлығына жәрдем берілетінін жеткізді.

Ғалиасқар Сарыбаев, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары:

Бәрі орын орнына келтіреді. Үй салынады.  Бір-екі айдың ішінде толығымен салынып бітеді деп өзіміз жоспарлап отырмыз. Облыс әкімі оған барлық жағдайды жасап отыр. Облыстық әкімдіктің тапсырмасына сәйкес, қайтыс болған адамдардың әрқайсысына 1 млн теңгеден, ауруханада жатқан 5 азаматқа 500 мың теңгеден  жәрдемақы көмек берілетін болады.

Барар жері, басар тауы қалмаған азаматтарға әкімдік тарапынан арнайы жатар орын бөлініпті. Үш уақыт тегін тамақтандырылады. Қираған үйлері қалыпқа келгенше, адамдар осы жатақхананы паналайды. Бірақ зардап шеккендер бұл жағдай көпке созылып кетпесіне кепілдік жоқ деп, биліктен көмек сұрауға мәжбүр.

Берік ХАСЕНОВ