Русский Сайттың толық нұсқасы

Естен танып құлаған батыс қазақстандықтар өздерін қауіпсіз жерге көшіруді талап етуде

  • AstanaTV
  • 02 желтоқсан 2014
  • 1337

Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданындағы Березовка ауылының тұрғындары өздерін қауіпсіз жерге көшіруді талап етіп отыр. Бұған ауыл балаларының жаппай белгісіз газдан улануы себеп болған.

Айта кетелік, 28 қарашада, түс кезінде, Березовка орта мектебінің аяқасты есінен танып құлаған 19 оқушысы және 3 мұғалімі ауруханаға түскен еді. Дәрігерлер балалардың токсинді белгісіз заттан уланғанын растады. Жағдайы нашарлаған 6 бала облыс орталығындағы ауруханаға жеткізілді. Тұрғындар бар себепті ауылға жақын маңдағы Қарашығанақ кен орнынан көріп отыр. Мұнай-газ кенішін игеруші компания ауаға зиянды газдарды таратқанына сенімді. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін, шұғыл комиссия да құрылып, ашулы тұрғындармен кездесті.

Мағзом Ермекбаев, Березовка ауылының тұрғыны:

Мысалы, КПО компаниясына жыл сайын айыппұл салынады. Былтырдың өзінде еш рұқсатсыз ауаға газ таратқаны үшін 2 миллиард теңге айып төледі. Үй ішінен үй тігіп, заңды белден басқан олар тіпті табиғат қорғау прокурорларын өз аумағына аттап бастырмайды. Бұларға қашан тоқтау болады?

Татьяна Коба, Березовка ауылының тұрғыны:

Менің де балам ауруханаға түсті, түрлі дәрі беріп, есін әрең жиғыздық. Құдай мұндайды ешкімнің басына бермесін. Бірақ бұл жағдайдың бірер күннен кейін әлде келесі аптадан кейін немесе бір айдан кейін қайталанбасына ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан біздің бұл азаптан құтқарыңыз, бізді басқа қауіпсіз жерге қоныстандыруыңызды сұраймыз.

Ал компания өкілдері ауаға таралған газ деңгейін өлшейтін стансаларда ешқандай ауытқушылық тіркелмегенін мәлімдеді. Сондықтан өздерін кінәлауға еш негіз жоқ дейді. Айтуларынша, мұндай құрылғылар мектеп маңына да орнатылған.

Стив Райт, ҚПО Б.В. компаниясының өкілі:

Кеніштен шығатын газдардың таралуын тексеретін 18 стансаның жұмысы Қазақстан заңдарындағы талапқа сай. Ал ауыл ішіндегі стансаларға қойылар талап - кеніш басындағы құрылғылармен салыстырғанда, 350 есеге жоғары. 28 қараша күні кеніште газ жағылғаны рас, мойындаймыз. Бірақ өртелген газ адам ағзасы үшін қауіпсіз. Әрі құрылғылар да ешқандай ауытқушылықтарды тіркемеді. Балалардың улануына не себеп болғанын өзіміз де білгіміз келеді.

Ауыл Қарашығанақ кенішінен небары бес шақырым жерде орналасқанымен, қолданыстағы заңда санитарлық аумақтың 5 шақырымнан аспауы керектігі көрсетілген. Дегенмен бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, шетелдік компания мұқият тексерілетін болды.

Еркін КАРИН