Русский Сайттың толық нұсқасы

Талдықорғанда газ жарылысынан қаза болғандар жер қойнына тапсырылды

  • AstanaTV
  • 02 желтоқсан 2014
  • 1543

Талдықорғанда газ жарылысынан қаза болған жеті адамның денесі бүгін жер қойнына тапсырылды. Өткен демалыс күндері 2 қабатты тұрғын үйде сығымдалған газ баллоны жарылып, бір отбасынан 5 адам, ал екінші отбасында ерлі-зайыптылар көз жұмған еді. Оқиға орнында жүрген әріптесім Берік Хасенов қайғы жұтқан жандардың қасынан табылды.  

Талдықорғанның іргесіндегі Еркін аулында қаралы күн. Жеті адамның өмірін қиған қайғылы оқиғадан соң, аядай ауылда қабырғасы қайыспаған жан қалмады. Марқұмдарды ақтық сапарға шығарып салуға келген адамдардың қарасы қалың. Бір отбасыдан көз жұмған 5 адамның төртеуі Ақсу ауданына, біреуі Ескелді ауылына жерленді.

Әбеуовтар отбасының ұлы мен келіні де осы жарылыстың құрбаны болды. Серік пен Катяның артында 3 жасар ұлы қалды. Жақындарының айтуынша, олар 5 жыл бұрын шаңырақ көтерген. Алдын ала болжам бойынша, марқұмдарды ұйықтап жатқанда қабырға басып қалған. Оқыс оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.

Дарын Арыстанбеков, Алматы облысы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:

Қылмыстық іс «Өрт қауіпсіздігі тәртібін сақтамау» бабы бойынша қозғалды. Дәл қазір төтенше жайттың салдарын жою жұмыстары жалғасуда.

Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің алдын ала болжамы бойынша, екі қабатты үйдегі екі пәтер газ баллонның жарылуынан жермен жексен болған. Кейбір мәліметтер бойынша ол 5 литрлік шағын газ баллоны болуы мүмкін.  Мұндай жағдай  Талдықорғанда  бірінші рет тіркеліп отырған жоқ, - дейді құтқарушылар.

Азамат Жұртбаев, Алматы облысы ТЖД мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің бас маманы: 

Қазіргі таңда сараптама жүргізілуде. мұндай жағдай 2010 жылдан қарайтын болсақ, бұл 4-ші жағдай. Өкінішке орай, алдыңғы жағдайларда да адам қаза болған мен жарақат алғандар да болды. Мұндай жағдай көп жағдайда газды дұрыс қолданбаудан болады.

Жарылыс болған тұрғын үйде қазір ешкім жоқ. Қорқып қалған тұрғындар туыстарына бас сауғалап кеткен. Жұмысшылар оқыс оқиға орнын үйінділерден тазартуды жалғастыруда. Қабырғасы құлаған баспана ауыр техникамен сүріліп тасталды.

Берік Хасенов, тілші:

Жұмысшылардың айтуынша, аптаның аяғына дейін тазалау жұмыстары аяқталуы тиіс. Содан кейін арнайы комиссия бұл баспананың болашағын шешеді. Тұрғын үйді мүлде бұзып, орнына жаңасын салу немесе екінші қабатты қайта тұрғызуы мүмкін. Құзырлы органдардың хабарлауынша, құрылысқа кем дегенде екі ай уақыт қажет екен. Ал осыған дейін жеті адамның өмірін жалмаған баспананың тұрғындары жатақхана мен туыстарының үйінде тұруға мәжбүр.

Берік ХАСЕНОВ