Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматыда мектеп асханасындағы тағамдар қымбаттауы мүмкін

  • AstanaTV
  • 20 қаңтар 2016
  • 3355

Алматыда мектеп асханаларын жалға алып, тағам дайындайтын кәсіпкерлер наразылық танытты. Ұлттық экономика министрлігі өткен жылы көктемде мектеп пен ауруханада дәмханаларды жалға алушылар үшін бағаны бірнеше есеге арттырған болатын. Содан бері бірнеше рет баспасөз мәслихатын өткізген кәсіпкерлер бүгін тағы жиналды. Министрліктің арнайы бұйрығынан соң қарызға батқан кәсіпкерлер құзырлы органдарға шағымданумен келеді.

Бастамашыл топ Бас прокуратураға да арыз жазып, баға саясатын қадағалауды талап еткенімен, жағдай өзгермепті. Елдегі қаржылық қиындықтар, инфляцияның өсуі мен азық-түліктің қымбаттауы асханадағы тамақ бағасын қымбаттатуға мәжбүрлеп отырса керек. Ал оған негізсіз көтерілген жалға алу құнын қосқанда, мектептегі түскі ас жиынтығының құны 3 мың теңгеге дейін жетеді, дейді кәсіпкерлер.

Лилия Сартанова, кәсіпкер:

Біз ас мәзірінің қаржылық тұрғыдан барлық тараптарға қолайлы болғанын қалаймыз. Егер тамақтың бағасын қымбаттатып қойсақ, кім алады?! Қазіргі уақытта біз дайындайтын тағамдардың өзіндік құны 500 теңгеден 900 теңгеге дейін өсті. Оған ғимаратты жалға алу бағасын қосамыз. Ал әлеуметтік аз қамтылған отбасының әр балалары үшін мемлекет бар-жоғы 300 теңге бөледі. Сонда біз пайданы қайдан көруіміз керек?! 

Жалға алған кәсіпкерлер былтырғы маусым айына дейін шамамен 35 мың теңге төлеген болса, қазір 70 мың теңгеге өсті деп отыр. Бұл баға әлеуметтік нысандардағы асханалардың шаршы метріне қарай өзгеретінін айтты.

Айта кетейік, Қазақстан мектептерінде биылғы оқу жылынан бастап 1-ші және 4-ші сыныптар аралығындағы оқушылардың барлығын тегін тамақтандыру тоқтатылған. Мұндай жеңілдіктер тек әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасы балалары үшін ғана сақталып отыр. 

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ