Тұңғыш Президент күніне орай Астанада «Тығырықтан
жол тапқан» фильмiнiң тұсаукесері өтті. Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі
де тамашалады. Фильм - «Елбасы жолы» киноэпопеясының төртiншi бөлiмi. Мұнда
Президенттің 70-шi жылдардағы еңбек жолы, саясатқа ендi ғана қадам басқан
сәттерi суреттелген. Режиссерi - Рүстем Әбдiрашов.
Бұған дейін эпопеяның үш
бөлімі – «Балалық шағымның аспаны», «Отты өзен» және «Темiр тау» көрерменге ұсынылған. Төртінші бөлікке ресейлік
кино жұлдыздары да қатысты. Түсірілім жұмыстары Астана, Алматы, Қарағанды,
Теміртау және Мәскеу қалаларында өтті. Мерекеге жасалған тамаша тарту жайында
алдағы материалда.
Туындының тұсаукесеріне дейін басты рөлді
сомдаған танымал актер Нұрлан Әлімжан қобалжып жүргенін жасырмады.
Кинокартинаны дайын күйінде әлі көрмеген ол «басты мақсатым қаһарманымның
ішкі жан дүниесін жеткізу болатын. Өмірге көзқарасын, саясаттағы бейнесін
барынша ашуға тырыстым» дейді.
Нұрлан Әлімжанов, актер:
Тек менің қуанышым емес, бұл фильм біздің бірге
жасаған қара шаңырақ Шәкен Айманов киностудиясының қаншама әріптестерімнің
жемісі, жеңісі деп білемін. Сондықтан қазақтың айтары бар мәнді кинолары көп
болсын. Баршаларыңызды құттықтаймын. Президент күні құтты болсын!
Қазақстан орталық концерт залында ине шаншар орын
болмады. Сүйікті президенті туралы кезекті фильмді алғаш болып тамашалауға
еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін асыққандай. Саяси элита, Елбасының
туған-туыстары - бәрі осында.
«Тығырықтан жол тапқан» фильмінде Президенттің
«Қарметкомбинат» кәсіпорнында еңбек еткен кезеңі бейнеленген. Сол тұста Нұрсұлтан
Назарбаев басқарушылық қабілетін байқатып, ірі партия ұйымының жетекшісі болып
сайланады.
Фильмнің сценариіне Елбасының кітаптары,
естеліктері арқау болған. Сонымен қатар үзеңгілес достары мен әріптестерінің
әңгімелері де туындыға негіз болды.
Михаил Бортник, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Кинода мынадай сөздер айтылған: кез-келген істі
істеуге болады. Ең бастысы - бұл ұлт игілігі үшін істелуі тиіс. Президентіміздің
ұстанымы да осы. Сол үшін де халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп отыр.
Көрермен киноны бір деммен көріп шықты. Бұл
туынды да елдің жүрегінен орын тапқандай. Мұны ду қол шапалақтан байқауға
болады.
Фильмді тамашалаған Елбасы шығармашылық топқа,
жиналған барша қауымға алғысын білдірді. Айта өтейік, кинотуынды 4 желтоқсаннан
бастап еліміздің 25 қаласында көпшiлiк назарына ұсынылады.
Ләйлә ҚАЗИЯҚПАРОВА