Кешірім сұрап, алғыс айту күні. Бүгін барша қазақстандықтар бұл датаны тұңғыш рет атап өтті. Президент те халыққа алғыс айтуды ұмытпады. Жұмылған жұдырықтай бірлік үшін ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы жұртты кешірімді болуға үндеп, орайы келгенде әріптестерінен кешірім сұрады.
Бұдан былай, жылда, көктемнің алғашқы күнінде қазақстандықтар бір біріне алғыс айтып, кешірім сұрайтын болады. Елбасының 14 қаңтардағы жарлығына сай 1 наурыз – «Алғыс айту» күні болып бекітілгені мәлім. Күнтізбеге қосылған жаңа мерекені қазақ халқының қонақжайлылығына тағзым деп білген жөн. Естеріңізде болар, Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын мерекелеу кезінде, түрлі этностарға қиын қыстау заманда қолдау білдіріп, бауырына басқан қазақ халқына алғыс айту күнін енгізу әділетті болар еді деген. Адамдар бір-біріне жасаған жақсылықтарды ұмытпауы тиіс деп қосты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен алғыс айту күні игі дәстүрге айналып, халқытың ең сүйікті күні боларына сенемін. Қазір жер бетінде діни және ұлтаралық сипаттағы шиеленістер өршіп жатыр. Соғыс болмаса да, соғыс болғандай қан төгіліп жатыр. Миллиондаған адам босып, елдерінен қашып жатыр. Алауыздық артып, қақтығыстар көбейіп, ел қырылып жатыр. Мұндай кездерде адамдардың бір-біріне алғысын білдіріп, өздеріне жасаған жақсылықтарды еске алу аса маңызды мезет.
Ұлттық мерекенің мәні мен мағынасы терең. Ол алғыс айтуменен ғана шектелмейді. Отандастарымыз рақым айту күнінде бір-бірінен кешірім сұрап, және өкпелерін тарқатса дейді, Елбасы. Өзі де таң атпастан саясат сахнасында бірге жүрген әріптестерінен кешірім сұрадым деді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бүгінгі күні егер де кемшіліктер болса, қатты сөздер айтылса, өкпесі болса кешіріп бәрін... Мен өздерімнің әріптестеріменен таңертен кешірім сұрадым. Кешірімділік жанұяда, жастардың арасында, үлкендердің арасында да болуы керек, ол - үлкен күш.
Сондай-ақ, алғыс айту күні - қайырымдылықтың, өзара көмек көрсету сынды рухани құндылықтар күні. Осы ретте Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблея аясында қайырымдылық қор құруды тапсырды.
Ералы Тоғжанов, Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары:
Бірге өмір сүре білген халық бір-біріне алғысын айта білу керек. Ең алдымен бұл мейрам қазақ еліне, қазақ жеріне айтылып отырған алғыс. Екінші жағынан ашаршылық кезінде 2 миллионнан асатам қазақ басқа мемлекетке кететін болса, ол жақта біздің қазақтарымыздың аман қалғанына сол жақтың еліне де, сол жақтың халқына да қазақтың бұл жақта айтып жатқан алғыс күні.
Сара Даузова, Дүнген мәдени орталығы ассоциациясы аналар кеңесінің төрайымы:
Елбасымызға, халыққа, елімізге, қазақ жеріне үлкен алғысымызды айтуға келдік. Дүнген халқының атынан. Енді Қазақстан біздің үйіміз. Туған жеріміз.
Іс-шара соңында Президентті айнала қоршаған халық, селфи жасап, мәз-майрам болып тарқасты.
Ләйлә ҚАЗИАҚПАРОВА