Русский Сайттың толық нұсқасы

Өскеменде Қазақстан тарихына арналған тиындар соғылды

  • AstanaTV
  • 20 қаңтар 2016
  • 3372

Қазақ елінің тарихи тұлғалары мен тарихи даталары тиын бетіне соғылды. Тау барысы, адамзаттың ғарыш қақпасын қазақ жерінде алғаш ашуы, Азия қысқы ойындары мен тарихи сом тұлғалар соғылған тиын көрмесі бүгін Өскеменде өтті. Санаулы тиражбен шыққан тиындар кең қолданысқа жіберілмейді. Оларды тек нумизматтардың сирек коллекцияларынан табуға болады. Өскемен тиын сарайынан тілшіміздің арнайы репортажы.

Бір коллекция тиындарының бір қолда толық жиылуы сирек кездеседі. Ондай коллекциялардың құны да қомақты. Антон Бузик тиын жинау ермегін жақында бастаған. Оның қолында әзірге бір коллекцияның бір-ақ тиыны бар.

Антон Бузик,нумизмат:

Әзірге менің басты тиыным - Ғарыш коллекциясының Халықаралық ғарыш станциясы тиыны. Бұл - Өскемен ақша сарайында соғылған коллекцияның реттік саны сегізінші тиыны. Барлығы тоғыз. Маған әлі сегіз тиын жинау керек.

Тиындар Қазақстанның тарихи даму жолының желісімен жасалған. Көрмеде ұлттық спорт түрлері, салт-дәстүр, Қазақстанның сирек кездесетін жануарлары мен тіпті Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік келісімінің он жылдығына арналған тиындар бар.

Бақталы Рахымбаева, көрмеге келуші:

Көрме қатты ұнады. Әсіресе мерейтолық тиындар. Шығыс күнтізбесі деп аталады. Бұл жерде сондай-ақ төс белгілер мен медальдар жасауға болады.

Өскеменнің тиын сарайында, сирек металлдан жасалып, гаухар тастармен көмкерілген қымбат жәдігерлер де баршылық. Бірақ ол жерге кіру шектелген. Тәжірибелі нумизматтар, тиынның технологиясы мен соғылу мерзіміне байланысты құны да арта береді, дейді. Олардың мінсіз болуы жіті қадағаланады.

Сергей Решетник, Қазақстан тиын сарайының суретшісі:

Суреттегі тиын бір, көлемді пластикадағы тиынның мүсіні бір. Мүсін тиын көлеміне дейін кішірейгенде, кейбір детальдар шықпай қалуы мүмкін. Мысалы, жануар-құстың қауырсыны деген сияқты. Сондықтан автор идеясының толық көрінісі жіті қадағаланады.

Мерейтойлық тиындар шектелген тиражбен соғылады. Дегенмен, құнды, сирек жәдігерлердің де дүкен сөрелеріне түсетін кезі болады. "Ондай тиындарды нумизматтар іздеп жүріп, табады", - дейді көрме ұйымдастырушылары.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ