Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордада көп қабатты үй жаңғырту аяқталар емес, екі подьезде жылу жоқ

  • AstanaTV
  • 04 желтоқсан 2014
  • 2004

Қызылордада әлі күнге жылусыз отырған тұрғындар бар. Сапасыз жасалған жөндеу оларды тығырыққа тіреді. Терможаңғырту бағдарламасы бойынша орындалған күрделі жөндеуге тұрғындардың көңілдері толмайды. «Шұғыла» мөлтек ауданында орналасқан 32-үйдегі бірнеше пәтер иелері жарты жылға созылған жұмыс сапасыз жасалды, дейді. Ал, жертөледегі жылу жүйесін ауыстырған соң жылу мүлде жоғалған. Жан-жаққа шағымданып шаршаған жұрт біздің редакциямызға хабарласты. Әріптесім Шарипа Сақтапова осы мәселенің мән-жайын зерттеп жүр.

Бір айдың ішінде біз жылу көріп отырған жоқпыз, үйімізде жылу жоқ, көрпе жамылып жатырмыз...

Көптен күткен жанғыртудың игілігін көреміз деп күткен тұрғындардың үміті ақталмады. Олар енді кешегі күніне зар болып отыр. Қысқа дейін созылып кеткен құрылыс жұмыстарының сапалы аяқталарына сенбейді.

Исатай Арыстанов, «Шұғыла» мөлтек ауданы №32-үйдің тұрғыны:

Бұрынғы күйімізге жете аламай қалдық. Шынымызды айтсақ, қазір мынау астында подвалда бәрі дұрыс емес ешқайсысы. Специалистерді әкеліп, көрсетіп жатырмыз, системаны дұрыс салмаған вообще. Үйде кішкентай балалар бар, үйде киіммен жүрміз.

Орынша Бекішева, «Шұғыла» мөлтек ауданы №32-үйдің тұрғыны:

Қазір күн суық, оған плитка жабыстырып жатыр. Плиткалар ертең қандай болады, жұрт мініп-түскенде сынуы да мүмкін оның.

Жылудан қағылып отырған үйлер бұл ғана емес. Мысалы, Титов мөлтек ауданындағы екі көп қабатты үйдің де күйі осындай. Сонымен қатар, осы «Шұғыла» ауданындағы 28-ші үйде де жылу мүлдем берілмей отыр, дейді тұрғындар.

Валерий Пак, «Шұғыла» мөлтек ауданы №28-үйдің тұрғыны:

Сондай суық. Балаларымыз ауырып қала береді. Қазір мына трубаны ұстап көрсеңіздер, ол мұздай, тоназытқыштағы мұз секілді. Қыста осы жылу жоқтықтан азаптанамыз. Жазда канализация мен судан қиындық көреміз.

Көп қабатты үйде жөндеу жұмыстары биыл маусым айында басталған. Жоспар бойынша күрделі жөндеу тамыздың ортасына аяқталуы тиіс болатын. Бірақ құрылысшылар әлі күнге дейін созбаққа салып келеді.

Қуанышбек Күмісбаев, бригадир:

Жұмыс жүрмеген себебі, бірде заты жоқ, бірде ақшасы жоқ. Бригада жұмысшы балалар келеді-кетеді сандалып осы күнге жетіп отқан жағдайымыз осы. Еңді 15-20 декабрьге дейін бітіруге тырысамыз.

Күрделі жөндеудің бұлайша созылып кеткеніне алғашқы мердігер компания кінәлі, дейді шенеуніктер. Сол себепті жарты жолда ол мердігерді ауыстыруға тұра келген. Ал пәтерлердің жылусыз отырғанына жаңғырту жұмыстарының еш қатысы жоқ сыңайлы. Биілк өкілдері, бұған тұрғындардың өздері кінәлі, бірі пәтеріне жылы еден тартып алса, енді бірі балконға дейін жылу батарейларын шығарып алған, дейді.

Қайрат Бекенов, Қызылорда қалалық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары ММ басшысы:

Бұларға біз ешқандай шешім қабылдай алмаймыз, кондоминимум меншік иелері өз мәселелерін, өз мүдделерін өзі жасайды. Бүл жерде тұрғындар келісе отырып, сот орындарына шағымданады ма, болмаса ішкі істер бөліміне шағымданады ма, соңдай-ақ құзырлы органдарға шағымдауына міндетті.

Енді жұрт сотқа арыздануға бел буып отыр. Бірақ, олар көршілерінің үстінен шағымданбайды. Аты дардай мемлекеттік терможаңғырту бағдарламасының сапасыздығына наразылықтарын білдірмек.

Шарипа САҚТАПОВА