Қатты боран салдарынан Алматы,
Қарағанды және Павлодар облыстарында жолдар жабылды. Бұл жөнінде ІІМ-нің ТЖ
комитетінен хабарлайды, деп жазады «Қазақпарат».
«4 желтоқсанда Алматы облысында
бұрқасын мен жолдың нашар көрінуіне байланысты «Үшарал-Достық» көлік жолының
бірқатар учаскесінде көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды. Ал, сағат
19:30-дан бастап «Алматы-Өскемен» күре жолында жүк көліктері үшін қозғалыс
шектелді», - делінген хабарламада.
Қарағанды облысында да дәл осы
себеппен көліктің барлық түрлері үшін бүкіл бағыттарға жол жабық. Ал, Павлодар
облысында «Павлодар-Қызылорда» тас жолының «Қалқаман-Баянауыл» бағыты бойынша,
«Шідерті-Астана» күре жолының учаскесінде көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс
тоқтады. Бұған дейін «Астана-Ерейментау», «Астана-Қарағанды» бағыттарында жол
қозғалысының жабылғаны туралы хабарланған.
Ақ түтек боран астаналықтарды да әбігерге
салды. Мұнда ауа температурасының төмендеуіне байланысты бастауыш сынып
оқушылары үшін сабақ тоқтатылды. Жалпы, 4-6 желтоқсан күндері
Қазақстанның көптеген облыстарында қар жауып, бұрқасын болады. Желдің
жылдамдығы секундына 15-23 метрге жетеді, - деген
болжам айтылуда.
Базаркүл ОТЫНШИЕВА