Русский Сайттың толық нұсқасы

Жезқазғанда қару сатқан полицейлер қамауда қалатын болды

  • AstanaTV
  • 04 желтоқсан 2014
  • 1295

Жезқазғандық екі полицей қамауда қалатын болды. 23 дана қаруды ұрлап, сатқаны үшін айыпталған екеудің талап арызын Қарағанды облыстық соты қанағаттандырмады. Бұл жөнінде «Тенгриньюс.кз» жазады.

Полицейлер апелляциялық шағым түсіріп, ешқайда кетпеу туралы қолхатпен немесе кепілмен босатуды сұраған. Айыпталушылардың бірі - Жасұлан Уахитов отбасы жағдайы мен денсаулығы қамауда отыруына мүмкіндік бермейтінін айтқан. Алайда, апелляциялық сот алқасының судьясы Қарлығаш Нұрмағамбетова өтінішті қабылдамады. «Ауыр қылмыс бойынша айыпталғандықтан, бостандықта тергеу органдарынан жасырынуы немесе қысым көрсетуі мүмкін», - деді судья.

Еске салайық, қарашада Жезқазған ішкі істер басқармасына жасалған тексеріс кезінде 23 дана қарудың жетіспейтіні анықталды. Жасұлан Уахитов пен Ғабит Қанаев 2013-2014 жылдары жарамды қаруларды ұрлап, сатумен айналысты деген күдікке ілініп отыр. 23 қарудың бүгінде 19-ы қайтарылған. Ал, төрт тапаншаның қайда екені әлі анықталмады.

Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ