Русский Сайттың толық нұсқасы

Мерзімінен бұрын сайлау өткізуге қазынадан 8 млрд теңге бөлінеді

  • AstanaTV
  • 21 қаңтар 2016
  • 1816

Кезектен тыс сайлау өткізуге қазынадан 8 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясындағылар мәлімдеді. Парламент депутаттығынан дәмелілердің тізімі 8 ақпанға дейін белгілі болмақ. Ал саяси додаға қатысатын партиялар тізімі 19 ақпанға дейін бекітіледі. Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына үміткерлерді саяси партиялар, ал Қазақстан xалқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды Ассамблея кеңесі ұсынады. Мөлдір Бақытқызы толықтарады.

Кезектен тыс сайлау жөнінде Президент шешімі шыққан соң, Орталық сайлау комиссиясындағылар науқанға дайындықты бастап кетті. Сайлау талаптарын түсіндіріп, тиісті мерзімдерді белгілеп үлгеріпті. Алдағы 20 күн ішінде депутаттыққа үміткерлердің тізімі бекиді. Ал бір ай шамасында додаға түсетін саяси партиялар белгілі болады. Партиялық тізімге енетін кандитаттар тағдыры өзара съездерде талқыға түседі. 

Қуандық Тұрғанқұлов, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды ұсыну 2016 жылғы 8 ақпанға дейін, ал партиялық тізімдерді тіркеу 19 ақпанға дейін жүргізіледі. Сайлау туралы заңға сәйкес, партиялық тізім бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды саяси партиялар ұсынады. Ассамблея Мәжіліс депутаттығына үміткерлер тізімін 24 мен 29 ақпан аралығында береді. Ал жергілікті мәслихаттар депутаттығына кандидаттар тізімін 19 ақпанға дейін республикалық және жергілікті қоғамдық бірлестіктер ұсынады. Немесе жекелеген азаматтар өзін өзі ұсынады.

Депутаттықа үміткер атану "құны" да белгілі. Саяси партиялар Парламент Мәжілісіне ұсынған әр үміткер үшін 342 885 теңге төлейді. Ал Мәслиxат депутаттығына үміткердің сайлау жарнасы 114 295 теңге. Қазынадан саяси науқанға 8 млрд теңге бөлінеді. Қос сайлауды бір мезетте өткізудің арқасында 4,8 млрд үнемдейміз дейді. Партиялар үгіт-насихат жұмыстарына қаражатты өз «қалталарынан» шығарады.

Ләззат Сүлеймен, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

Бұл дебаттарды өткізуге бюджеттен қаржы қарастырылған Сайлау туралы заңның 28-бабында партиялық тізімдер ұсынаған саяси партиялар арасында Орталық сайлау комиссиясы саяси пікірсайыстар өткізеді. Оның тәртібі, оған берілетін қаражат көлемін айқындап, арнайы қаулы қабылдайды.

Айта кетейік, Парламент Мәжілісіне 107 депутат сайланады. Оның ішінде 98 депутат партиялық тізім бойынша, 9-ы Қазақстан xалқы Ассамблеясы атынан сайланбақ. Ал жергілікті мәслиxатқа 3 335 депутат тағайындалады. Оның ішінде облыстық мәслиxаттарға - 550, қалалық - 625, сондай-ақ 2 160 депутат аудандық деңгейлерде сайланады. Ассамблея атынан түсетін депутаттарға тек Ассамблея мүшелері дауыс береді.

Татьяна Охлопкова, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

Сайлауға тек Ассамблея мүшелері қатысады. Үміткерлер Ассамблея кеңесінің отырысында таңдалады. Кеңес Парламент Мәжілісіне кемінде 9 депутат ұсынулары керек.

20-21 наурызда өтетін кезектен тыс сайлауда электоратқа бірден үш бюллетень беріледі. Сайлаушы қалаған партияға дауыс береді және облыс пен қалалық мәслихат депутаттарын таңдайды. Бүгінде елімізде заңды түрде 7 саяси партия тіркелген. Бүгін алғашқы болып коммунистер сайлауға түсетіндерін ресми түрде мәлімдемеді.

Мөлдір БАҚЫТҚЫЗЫ