Русский Сайттың толық нұсқасы

Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Шымкентте болды

  • AstanaTV
  • 04 желтоқсан 2014
  • 1765

Мемлекет басшысы бүгін жұмыс сапарымен Шымкентте болды. Нұрсұлтан Назарбаев шаһардағы бірнеше жаңа нысанның ашылуына қатысты. Президент алғаш аялдаған нысан «Түркістан» сарайы болды. Президент мұнда облыс өнерпаздарының өнерін тамашалады. Түрлі салтанатты шаралар ұйымдастыруға лайықталған ғимараттың жалпы алаңы 8,5 мың шаршы метр. Сыйымдылығы − 1 364 орын.

Ғимарат құрылысына облыстық бюджеттен 1,4 млрд теңге жұмсалды. Нұрсұлтан Әбішұлы мұның бәрі Шымкентті миллион тұрғыны бар қала жасаймыз деген мақсаттан туындаған әрекет екенін атап  өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының  Президенті:

Газ құбыры салынып жатыр, теміржол салынып жатыр. Түркменстаннан Иранға шығатын жолды қосып келдім қазір. Шымкент төрт жолдың торабында тұрғаннан кейін «шырайлы Шымкент шаһары» болады. Бәрі «ш» дан келіп тұр ғой?!

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Елбасына Шымкент қаласының жаңа келбетін таныстырды. Құрылысы қарқынды жүріп жатқан жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта «Отырар» кітапханасы, көрме орталығы іске қосылып үлгерген. Одан бөлек 16 қабатты облыс әкімдігінің ғимараты бой көтеруде. «Оңтүстік» қабылдау үйі, 8 мың орындық орталық мешіт, көркем гимнастика кешені, көпсалалы кәсіби-техникалық колледж де осында орын теппек. Жалпы  аумағы 740 мың шаршы метрді құрайтын 167 көпқабатты тұрғын үйлерден тұратын жаңа мөлтекаудан салынуда. Оның құрылысына 82 млрд теңге тартылған.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осындай үлкен қалаларда барлық болашаққа деген ғылыми техникалық мәселелер, мәдениеті шешілетін болады.Оңтүстіктегі Шымкент енді Алматы екеуі үлкен қалаларымыздың бірі. Қазір Шымкенттен Ташкентке дейін үлкен даңғыл салынып жатыр. Мен ойлап жүрген ем, аэропорт салу керек пе, керек емес пе деп, көреміз оның бәрін. Сонан кейін теміржол бар, газ құбыры бар. Барлығы Шымкент арқылы өтеді. Не керек енді сіздерге? 

Президент сондай-ақ облыстық драма театрдың жаңа ғимаратында болды. 8 мың шаршы метрге  орналасқан мәдениет ордасының құрылысына облыс қазынасынан 1,5 млрд теңге жұмсалған. Сапар соңында Мемлекет басшысы 12 қабатты бес жұлдызды «Rixos» қонақ үйінің де ашылу рәсіміне қатысты. Заманауи келбетке ие бұл нысанның құрылыс жұмыстарына 9 млрд теңге жеке инвестиция тартылған. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ