Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде 5 адамнан тұратын отбасы жертөледе тұрып жатыр

  • AstanaTV
  • 04 желтоқсан 2014
  • 1110

Ақтөбеде бүтін бір отбасы 7 жылдан бері көпқабатты үйдің жертөлесін паналап келе жатыр. Жер астынан баспана тапқан тұрғындарды шенеуніктер 2 жыл бұрын пәтер кезегіне қойған. Алайда ол кезектің әлі күнге жылжитын түрі жоқ. Үлкендердің өзіне ауыр соғатын тұрмыстық тауқыметті бұл отбасындағы кішкентайлар да тартуға мәжбүр. Аймақтағы тілшіміз Мансұр Есқожин жертөленің тұрақты тұрғындарының бүгінгі тыныс-тіршілігін  бақылап қайтқан еді.

Кішкентай Олег келер жылы мектеп табалдырығын аттауы тиіс. Қатарынан қалмауы үшін анасы оған әліппені өзі үйретіп, сандармен таныстырады. Бірақ Людмила Гузь балабақша дегеннің не екенін білмей өсіп келе жатқан бүлдіршіннің үлгерімі қалай болар екен деп алаңдаулы.

Людмила Гузь,  Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Балабақшаға барғаны дұрыс деп ойлаймын. Ертең мектепке барғанда қатарынан қалады ғой. Кішкентайым да міне 3-ке толады. Әкімдіктен көмек болса жақсы болар еді.

Тағдырдың тауқыметін тартқан отбасы осымен 7-ші жыл қахарлы қысты жертөледе қарсы алды. Тұрмысқа қажетті жабдықтарды осы үйдің тұрғындары берген. Жақын маңдағы тұрғын үй кооперативінде еңбек ететін отағасының тапқан таянғаны ас-судан артылмайды. 

Василий Беделев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Может когда-нибудь клюнет что-нибудь. Мына балалардың денсаулығы болсын. Өзімізде денсаулық болсын. Өзімізде денсаулық болсын. Мир над головой болсын.

Бұл отбасын әкімдіктегілер де жақсы біледі. Екі жыл бұрын жатақханадан уақытша баспана ұсындық дейді. Бірақ 12 шаршы метр болатын тар бөлмеден Василий Беделев бас тартқан.

Василий Беделев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Мен жаңағы сол комнатаны көргенде вообще таңқалдым. Менде 2 баламен мыналар кішкентай болды ол кезде. Там общий туалет, общий кухня. Маған кішкентай бөлме беріп жатыр. Қасында бір үлкен бөлме болды. Мен айттым мынаны да маған беріңдер мен қосып аламда отдельно істеймін. Жоқ ол занято деді. Сосын мен айттым ондай болмайды. Я не хочу. Я лучше буду здесь.

Жертөледегі жанұяның жағдайына шенеуніктер осыдан екі жыл бұрын құлақ асқан. Құжаттарын жинауға көмек беріп, әлеуметтік аз қамтылған отбасы есебінде пәтерге де кезекке қойған. Бірақ Беделевтерден бұрын 3 мыңнан астам азамат баспанаға қол жеткізуі тиіс.

Жанаргүл Дүйсекенова, Ақтөбе қалалық мемлекеттік тұрғын үй қорын есепке алу секторының меңгерушісі:

Өкінішке орай, кезектен тыс, заңды бұзып, үйді бере алмаймыз мемлекет қорынан. Сондықтан да осы отбасы кезек тәртібімен үйді алады.

Мансұр Есқожин, тілші:

Бүгінде Ақтөбе қаласы бойынша 16 мыңнан астам азамат пәтер кезегінде. Биыл 300-ге жуығы ғана армандаған баспанаға қол жеткізген. Шенеуніктер Беделевтердің қай уақытта қоныс тойын тойлайтынын дөп басып айта алмайды. Бірақ жақын 2-3 жылдықта болмасы анық.

Мансұр ЕСҚОЖИН