Русский Сайттың толық нұсқасы

Қарағандыда жаңғырту бойынша жөнделген үй тұрғындары наразы

  • AstanaTV
  • 05 желтоқсан 2014
  • 1036

Қарағандыда кезекті баспана дауы. Шенеуніктердің шалағай тірлігінен қарапайым халық зардап шегіп отыр. Қалалық құрылыс бөлімі мемлекеттік жаңғырту бағдарламасы бойынша жөнделген екі көпқабатты үй тұрғындарынан қыруар ақша талап етуде. Бірақ жөндеу жұмысының сапасы төмен болғандықтан, жұрт оны төлеуге қарсы. Шиеленіскен іс бүгінде сотқа жеткен. Ал шарасыз халық мәселеге үкімет араласпаса, аштық жариялаймыз деп бекініп отыр.

Гауһар Барлыбаеваның 3 бөлмелі пәтерінің жөнделген кейпі осы. Қабырғалар сыланбаған. Өзге жұмыстар да шала аяқталған. Бірақ қалалық құрылыс бөлімі осы үшін бақандай 6 жүз мың теңге талап етіп отыр.

Гауһар Барлыбаева, пәтер қожайыны:

Жасағандары терезе, жақтаулары жоқ. Радиатор, сыртқы есік қаңылтыр. Соған 6 жүз мың теңге талап етіп отыр. Сонда біз не үшін төлейміз?

Шенеуніктер ішкі жөндеу жұмыстары жасалғанын айтады. Олардың дерегіне сүйенсек, 14-інші мөлтек аудандағы 45-ші және 47-ші үйлер толық қалпына келтірілген. Пәтерлер жалдаушыларға берілген. Тек 43 пәтердің қожайыны табылып, өз баспаналарын сот арқылы қайтарып алған. Дауласып жүргендер де солар.

Арман Жұмекенов, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары:

Ол үйлерде барлық пәтерлердің іші жөнделді. Инженерлік коммуникация тартылды. Сондықтан бір пәтерді 600 мың теңгеге жөндеу қымбат емес.

Үйлері толық жөнделгендер де бар. Алайда, олардың төлейтін ақысы 2-3 миллионға дейін жетеді. Соның өзінде сапасы сын көтермейді. Төбеден су ағып, терезеден жел азынайды. Қуыстарды пластикалық көбікпен бітей салған. Ыстық су да жоқ.

Света Түсіпханова, пәтер қожайыны:

Бройлерді жөндейміз, жөндейміз деп, ақыры жөндемеді. Титан қойып алдық.

Қалалық құрылыс бөлімі екі үйді жөндеуге 645 миллион теңге жұмсалды дейді. Ал, тәуелсіз сарапшылар жөндеу жұмыстарына бұл сомадан 2-3 есе аз қаржы кететінін растаған. Тек облыстық сот бұл сараптаманы ескермей отыр.

Жаслан Айтмағамбетов, «Гарант» тұтынушылар құқығын қорғау ұйымының төрағасы:

Сотта біз жөндеуге қандай материал қолданылып, қанша ақша жұмсалғаны туралы сметалық құжатты сұраттық. Әкімдік ешбір құжат әкелмеді. Бірақ іс солардың мүддесіне шешілді. Ал, тәуелсіз сарапшылардың пікірін назарға алмады. Заң барлығымызға бірдей емес пе?

Осылайша, қалалық құрылыс бөлімінің талабымен келіспеген 43 отбасы соттың табалдырығын тоздырып жүр. Олар далада қалудан да қорқады. Сот орындаушылар 70-ті алқымдаған Евгения Сунтайсанға, 2 миллион теңгені төлемесе, пәтерінен қуылатынын ескерткен. Тұрғындар сапасыз жұмысқа ақша төлемейміз деп бекініп отыр.

Евгения Сунтайсан, пәтер қожайыны:

Қалалық әкімдіккке барып аштық жариялаймыз. Ондай ақшаны қайдан табамыз. Бұл заңға қайшы.

Гауһар Барлыбаева, пәтер қожайыны:

Жоғарғы сотта әділдік бола ма деп отырмыз. Сапасы жоқ, не үшін төлейміз. Шенеуніктердің баи беруіне жол бере алмаймыз.

Ал, шенеуніктер мәселені дау-дамайсыз шешкісі келеді. Айтулыранша, жөндеудің кепілді мерзімі келесі жылы аяқталады. Сондықтан олар әр пәтер иесінің жағдайын жеке қарауға уәде берді.

Айжан ҚУАШ