Русский Сайттың толық нұсқасы

Ресейлік компаниялар Қазақстан мұнайын саудаламақ

  • AstanaTV
  • 09 желтоқсан 2014
  • 1451

Ресейдің «Роснефть», «Газпром нефть» және «ЛУКОЙЛ» компаниялары  Қазақстанның мұнайын сыртқа сатады. 2015 жылдан бастап еліміз ресейге өтемақы ретінде жылына 2 млн тонна мұнай жеткізіп отырмақ. Бұл жөнінде «РБК» хабарлады.

2012-2013 жылдары Ресейдің мұнайы Қазақстанға баж салығынсыз тасымалданған, яғни, Ресей қазынасына тиісті баж салығы түспеді. Осыған орай төленуі тиіс өтемақы мәселесін Мәскеу мен Астана бірнеше жылдан бері талқылау үстінде. Нәтижесінде, Қазақстан Ресейге оны ақшалай емес, шикі мұнай түрінде төлейтін болды.

Дерекке сүйенсек, Қазақстан беретін 2 млн тонна мұнайды ресей үкіметінен «Роснефть», «ЛУКОЙЛ» және «Газпром нефть» алдын ала келісілген бағамен теңдей мөлшерде сатып алады. Сонан соң олар қазақтың «қара алтынын» экспортқа жөнелтеді. «ЛУКОЙЛ» өкілі мұны растады. 60 мың тонна қазақстандық мұнайдың Белоруссияға жеткізілетінін де атап өтті. «Роснефть» және «Газпром нефть» қандай да бір түсінік бермей отыр.

Базаркүл ОТЫНШИЕВА